Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
2023 жылғы 5 сәуірде жарияланды
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Роман Васильевич!
Павлодар облысының Екібастұз қаласында былтырғы жылыту маусымында болған ірі апат – бәрімізге сабақ және маңызды сигнал болды. Қаһарлы қыстың қақ ортасында сұп суық баспанада қалған мыңдаған тұрғынның жай күйін Сіз жақсы біліп отырсыз.
Ел басына күн туған шақта билік тарапынан берілген уәде, айтылған жоспар көп еді. Шешуді қажет ететін өткір мәселелер әлі де аз емес.
Біріншіден, үйлерді жылытуға жұмсалған электр энергиясы үшін өтемақы төлеу мүмкіндігін қарастыру қажет.
Акционерлердің есебінен 2022 жылдың желтоқсанда және ағымдағы жылдың қаңтарында тұтыну нормасына сәйкес өтемақы жүргізілді. (жалпы сомасы 241,8 млн.теңг, тұтынушылар саны 48 172).
Енді 2023 жылдың ақпан-наурыз айлары үшін «Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы есебінен тұрғын үйлерді жылытуға пайдаланылған электр энергиясының шығындарын өтеу мәселесін қарау маңызды.
Екінші мәселе, жылу жүйесін жаңғырту бойынша жобалар бар, алайда қаржыландыру көзі белгісіз.
2023 жылы жалпы ұзындығы 5,6 шақырым және жалпы құны 9,6 млрд.теңгеге Екібастұз қаласының жылу желілерін (ТМ-2, ТМ-5, ТМ-8, ТМ-12) қайта жаңарту бойынша 4 жоба әзірленді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, бюджеттік өтінімдер қалыптастырылып, салалық министрлікке жолданды.
Аталған мәселені шешу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.
Үшіншіден, Екібастұз Жылу Электр Орталығының су жылыту қазандықтарын жөндеуге қаражат анықталмады.
Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Екібастұз ЖЭО-да ауқымды жөндеу науқаны көзделген, оның шеңберінде жалпы құны 7,5 млрд.теңгеге 8 қазандық агрегатын (3 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығын) күрделі жөндеу жоспарланған.
3 энергетикалық қазандыққа күрделі жөндеу Акционерлік Қоғамының есебінен жүргізілетін болады.
Екібастұз қаласы әкімдігінің (2023 жылғы 10 қаңтардағы №15/ Қаулы1) коммуналдық меншігіне қабылданған 5 су жылыту қазандығын (№11,12,13,14,15) жөндеу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат талап етіледі.
Осы мәселені шешу шеңберінде Павлодар облысы әкімдігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің сол кездегі және қазіргі бірінші орынбасары, яғни Сіздің атыңызға хаттар жолданған. Алайда, бұл саланы дамытуға жауапты Қазақстан Республикасының Энергетика министрі облыс әкімдігінің жіберген ұсынысын қабылдамады және жылусыз шаһарға аттап баспады. Осы уақытқа дейін мәселе шешілмеген күйінде қалып отыр.
Міне, көктемнің екінші айына қадам бастық. Келесі жылу маусымына дейін жөндеу жұмыстарын жасап үлгермей қалу қаупі бар.
Сондықтан Екібастұз қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу мүмкіндігін қарауды жеделдету қажет деп есептейміз.
Тағы бір маңызды жай, аталған стратегиялық нысандар кімнің иелігінде және қалай болатындығын әлі нақтыланбады.
Аталған мәселелерді шешуге байланысты қандай шешім бар және қандай жұмыстар жасалуда?
Жоғарыда аталған негізінде және заң талабына сәйкес, нақты жауапты жазбаша түрде белгіленген мерзімде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне жолдауыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
«Amanat» фракциясының
Депутаттары
Ж. Амантай
Н. Әшімбетов
Д. Тұрғанов
Ү. Шапақ
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісініңд
епутаттары(тізім бойынша)
2023 жылғы 5 сәуірдегі № ДС-39
Құрметті депутаттар!
Екібастұз ЖЭО апатының салдарын қалпына келтіруге қатысты мынаны хабарлаймынҚазіргі уақытта Екібастұз қаласының 5,3 км жылу желілерін қайта жаңартуға 9 064 380 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді.Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімдігі мен «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ арасында жауапкершілікті жергілікті атқарушы органмен бөлу бөлігінде меморандумға қол қойды, Екібастұз ЖЭО-ң су жылыту және энергетикалық қазандықтарын жөндеу бойынша қажетті жұмыстардың тізбесі айқындалды.Меморандум шеңберінде ЖЭО-ң 5 су жылыту қазандығы (№ 11 – 15) және 3 энергетикалық қазандық (№ 6, 7, 8), сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттарды жөндеу жұмыстарын меншік иесімен тепе-тең негізде шамамен 15 млрд. теңге сомаға жүргізу бойынша іс-шаралар әзірленді.Бүгінгі күні уәкілетті мемлекеттік орган облыс әкімдігімен бірлесіп, қаржыландыруды ұйыдастыру мақсатында 5 су жылыту қазандығында жөндеу жұмыстарының есептеулері жүргізілуде.Бұдан басқа, жылумен жабдықтаудың температуралық кестесін сақтамауына байланысты «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС 2022 жылғы қарашадан бастап 2023 жылғы наурызды (қоса алғанда) жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізілді.Сондай-ақ, акционерлердің есебінен 2022 жылғы желтоқсанда және 2023 жылғы қаңтарда тұтынушыларға нормативтік тұтынуға сәйкес тұтынылған электр энергиясы үшін өтемақы жасалды. Бұл ретте 2023 жылдың ақпан және наурыз айлары үшін өтемақыны жасау мәселелерін жергілікті атқарушы орган және «ОАЭК» АҚ пысықтауда.Жалпы, жоғарыда аталған жұмыстар Үкіметтің бақылауында және қаланы алдағы жылыту маусымына толыққанды дайындауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдануда.
Р. Скляр
Парламент Мәжілісінің депутаттарының тізімі:
Ж. Амантай
Н. Әшімбетов
Д. Тұрғанов
Ү. Шапақ