2023 жылғы 12 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Г. Арсютин Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының бейінді тұрақты комитеттері депутаттарымен Конституциялық соттың судьяларымен кездесуіне қатысты.
2023 жылғы 4 қаңтардан бастап Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі өз жұмысына кірісіп кетті.
Конституциялық бақылау органының міндеттері мен өкілеттігін, қалыптастыру шарттары мен конституциялық іс жүргізуін қоса алғанда, қызметінің негіздері, сондай-ақ құзыреті Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заңда және осы органның Регламентінде бекітілген. Құрамына Қазақстанның конституциялық бақылау органы кіретін Конституциялық сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференция және 2011 жылғы қарашадан бері Қазақстан мүшесі болып табылатын Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық Комиссиясы (Венеция комиссиясы) конституциялық сот төрелігін демократияның, адам құқықтарын қорғаудың және құқық басымдылығының басты элементі ретінде белгілейді.
Аталған органның депутаттық корпуспен ынтымақтастығы конституциялық сот төрелігінің нәтижелері бойынша, әсіресе, норма шығарушылық процесс шеңберіндегі қызмет сабақтастығында болып отыр. Осы қызмет негіздері «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 41-бабында жазылған, оған сәйкес өтініштері бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалған тұлғалар мен органдар, актілерінің конституциялылығы тексерілетін мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар конституциялық іс жүргізуге қатысушылар деп танылады.