Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Құрметті әріптестер!
Заң жобасымен жұмыс барысында 100-ден астам түзету ұсынылды. Жұмыс тобының 9 отырысы өткізілді,
- халықаралық тәжірибе зерделеніп, жұмыс тобына ғылыми және салалық қоғамдық ұйымдардың сарапшылары тартылды;
- Өңірлердің өкілдерімен бірлесіп «Жайылымдарды басқару жоспарларын қолдану» тақырыбында дөңгелек үстел, орман қорындағы жайылымдар мен жер қатынастары саласындағы цифрландыру мәселелері бойынша 2 тақырыптық отырыс өткізілді;
- «Аманат»партиясының желісі бойынша жайылымдарды пайдалану мәселелеріне қосымша ұсыныстар алынды.
Мен мынадай кейбір тұжырымдамалық түзетулерді атап өткім келеді:
- уәкілетті органның және облыс әкімдіктерінің жайылымдарды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын, бірінші кезекте тозуға қарсы күреске бағытталған стратегиялық құжаттарды әзірлеуі және қабылдауы;
- жер пайдаланушыларға жайылымдардың айналасында қазба жұмыстарын жүргізгені, траншеялар қазғаны үшін жауапкершілік жүктеледі;
- конкурстар өткізбей жайылым беру нормасы алынып тасталады. Бүгінгі күні Жер кодексінің 36-бабы жайылымдарды 5 жылға дейінгі мерзімге тікелей беруге мүмкіндік береді.
Жер ресурстарын басқару комитетінің деректері бойынша жеке және заңды тұлғаларға 2 млн 200 мың гектардан астам конкурссыз жер берілген.
- Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспарының қолданылу мерзімдерін 2 жылдан 5 жылға дейін деп өзгерту;
- Келесі іргелі түзету. Жайылымдар беру немесе конкурстар өткізу және ауылдық округтің мұқтажы үшін жерді резервке қою қабылданған Жоспарға сәйкес жүргізіледі;
- ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуды ынталандыру үшін кооперативтердің жер конкурстарына қатысуы кезінде оларға қосымша балл беру артықшылығы ұсынылады;
- жерді жоспарлаудың негізгі құжаты болып табылатын ауылдық елді мекендердің аумақтарын жер-шаруашылық орналастыру жобаларын жасауды регламенттеу мақсатында уәкілетті органға тиісті қағидаларды бекіту бойынша құзырет беріледі.
Бұдан басқа, депутат Б.Базарбек шартты жер үлестерінің проблемалық мәселелеріне қатысты бірқатар түзетулер енгізді. Бірақ, жайылымдарға тікелей қатысы жоқ түзетулерді ескере отырып, жұмыс тобы осы мәселелерді кешенді реттеу үшін жеке заң жобасын әзірлеуді ұсынды.
Нәтижесінде бүгінгі күні 49 түзетуге қолдау көрсетілді. Құрметті депутаттар! Өңірлерге бару кезінде қаралып жатқан осы заң жобасын фермерлермен және тұрғындармен қосымша талқылау ұсынылады.
Жоспар бойынша екінші оқылымды қазан айында өткізуге дайындаламыз.
Бүгінгі күні Мәжілістің барлық комитеттерінен оң қорытындылар алынды.
Қолдауыңызды сұраймын, назарларыңызға рақмет!