2023 жылғы 21 сәуірде сегізінші сайланған Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму Комитетінің бірінші сессияға арналған жұмыс жоспарына сәйкес «Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа төзімсіздік мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы» тақырыбында Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа Мәжіліс депутаттары - Комитет мүшелері, ішкі істер министрінің орынбасары, оқу-ағарту, ақпарат және қоғамдық даму, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрлері, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокуратура мен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппаратының өкілдері, министрліктердің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сарапшылар, отбасылық және балалар психологтары мен БАҚ өкілдері қатысты. Отырысты аша отырып, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Қ.Аймағамбетов Мемлекет басшысы Үкіметтің өткен кеңейтілген кеңесі барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау қажеттігіне назар аударып, оны шешудің маңыздылығын белгілегендігін атап өтті. Депутаттар алдында ішкі істер министрінің орынбасары И.В.Лепеха баяндама жасады. Баяндамашы атап өткендей, соңғы төрт жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 2019 жылы – 49 мың, 2020 жылы – 179 мың, 2021 жылы – 155 мың өтініш келіп түсті. 2022 жылы 115 мың өтініш болған, алайда 60% немесе 70 846 өтініш бойынша полиция органдары жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шаралар қабылдаған жоқ. Онсыз, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, полиция қызметкері «үй тирандарын» жауапқа тарта алмайды. Сонымен қатар, министрдің орынбасары ІІМ диалог үшін ашық екенін және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеу шеңберінде зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін қоса алғанда, келіп түскен барлық ұсыныстар мен ескертулерді талқылауға дайын екенін атап өтті. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша оқу-ағарту вице-министрі Е.С.Оспан сөз сөйледі, ол министрлік балаларға қатысты зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге бағытталған кешенді шараларды іске асырып жатқанын айтты. Баяндамашы атап өткендей, министрлікте кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық фактілерін анықтау және өңдеу бойынша ведомствоаралық іс-қимыл алгоритмі іске қосылған. Сондай-ақ, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі В.Д.Кочетов баяндама жасады, өз сөзінде «Қазақстандық отбасылар 2022» әлеуметтанулық зерттеуінің деректеріне сәйкес, басты алаңдаушылық ретінде қазақстандық ата-аналар балалардың гаджеттерге, әлеуметтік желілерге және интернетке тәуелділігін атап өткендігін (72%) айтты. Министрлік заңсыз мазмұнды контентті бұғаттау үшін белсенді жұмыс істеуде. Сонымен қатар, 2022 жылғы мониторинг нәтижелері бойынша балалардың ақпараттық қауіпсіздігі бойынша 8 650 бұзушылық анықталды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға қатысты, оның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясатты өзгерту қажеттігін атап өтті. Қоғам өкілдері де өз пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, суицидтің, буллингтің салдары туралы психологтар да айтты. Депутаттар мен қоғам өкілдері өзекті мәселелерді көтерді және сынды ұсыныстар айтты. Қорытыңдылай келе, төраға А.Қ.Аймағамбетов депутаттық корпус Үкіметпен бірлесіп, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі шараларды заңнамалық деңгейде қабылдауды қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.