АУЫЛДАҒЫ ИНТЕРНЕТ: МАГИСТРАЛЬДАР ҚОЛЖЕТІМСІЗ!
Ауылдағы интернет – көпшілікті алаңдатып отырған проблема. Өркениеттің осы бір элементі жол мен ауыз су сияқты маңызды мәселелердің қатарында деуге болады. Онсыз да жұпыны тұрған ауылда интернеттің жоқтығы жабырқаған көңілді одан сайын құлазытары анық.
Осыған орай Мәжілістегі комитетімізге цифрлендіруге жауапты министр Бағдат Мусин мен ірі байланыс операторлардың басшыларын шақырттық. Қазақстандағы саны 6 мыңнан асатын ауылды елдімекендердің тізбесін жасап, қай жерде қандай жылдамдықта интернет бар екендігі туралы анықтама жасатып қойыпты. Көрдік...
Айта кететінім:
Біріншіден, цифрлендіру министрлігі интернет жүргізу барысында тепе-теңдікті ұстанбайды. Кей ауылдар халық саны көп болса да 3G-ге де ADSL-ге де қосылмаған. Керісінше адам саны аз елдімекендер интернеттің барлық түрлерімен қамтамасыз етілген. «Әділдік қайда?» деген сұрағыма «тапсырыс бермеген әкімдер кінәлі» деп шықты. Онымен қоса тұрақты интернетке ауыл халқының өзі қосылғысы келмейді деп соқты. Қысқасы, іріктеу процесі әділ емес!
Екіншіден, министрлік шалғай ауылдарда спутникті интернет пен 2G бар деп есеп беруді доғаруы керек. Жылдамдығы өте нашар бұл байланыс түрлерінің барынан жоғы жақсы... Ауылдықтарға тұрақты интернет (оптиковолокно) мен кем дегенде 4G керек!
Үшіншіден, ауылдарға жеткізілген тұрақты интернет 1-2 объектіде ғана бар (мысалы мектеп, немесе әкімдік). Мұндай жағдайды министрлік «бүкіл ауыл қамытылған» деп қабылдайды екен. Бастысы «жеткізіп» қойды, ал ары қарай сол сым үй-үйге таралды ма жоқ па министрліктің шатағы жоқ. Ведомство басшысының айтуынша ауылдарға жеткізілген магистральдарды пайдаланып, кішігірім компаниялар халыққа интернет таратып, бизнес ашуына болады. Алайда сол магистральдарға тапсырыс берген кәсіпкерлердің айтуынша оларды ондайға жақындатпайды. Проблеманың барлығы осында болып отыр.
Бұл түйткілді шешу үшін магистральдар мәселесіне етене араласамын деп шештім.