2023 жылғы 26 сәуірде жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
Ә. Смайыловқа
Депутаттық сауал
Құрметті Әлихан Асханұлы!
Қазақстан аграрлық ел болғандықтан оның экономикасының болашағы да ауыл шаруашылығына тікелей байланысты.
Алайда, осы аграрлы салаға Үкімет тарапынан бөлініп отырған көңіл мен мемлекеттік қолдау деңгейі уақыт талабына сай емес! Шаруалар жеңілдетілген несиеге жарымай жүр. Кредитті арзандататын субсидия дер кезінде берілмейді.
Бюджеттен субсидияға бөлінетін қаржының жалпы мөлшері бүгінгі сұраныстан 4 есе кем. Ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет барлық зат – техника, химия, қызмет түрлері қымбаттап жатыр, ал өндірілген өнім құны өзгеріссіз тұр.
Ресей мен Беларусияда аграрлық саланы қолдау деңгейі бізбен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, яғни олар бір экономикалық кеңістікте бәсекелік басымдыққа ие. Олармен теңесу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлы саланы қолдауға бөлінетін қаржы мөлшерін арттыру жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасаған. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау таппады. Сонымен қатар инфляция деңгейі жыл сайын артудла, ал субсидияға индексация жасалмайды.
Қолданыстағы субсидиялау механизмдері жетілмеген және былыққа белшеден батқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің тексеріс қорытындысы осының айқын айғағы. Субсидия жүйесін жетілдіру керек деп Мемлекет басшысының өзі айтқан болатын. Сол тапсырманы орындау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар тың идеяларды ұсынған еді. Бірақ олар да субсидияны жеңіл табыс көзіне айналдырып алған лоббис топтардың кесірінен қолдау таппады.
Тіпті кейбір «белсенділер» тұшымды ұсыныс берген министрлікке «екі» деген баға қойып, көпшілік алдында масқара қылды. Министрліктің орынды ұсыныстарын осындай жағдайда қолдаудың орнына Үкімет дәрменсіздік танытты. Осыдан кейін министрлікте қандай бедел қалады?
Сонымен қатар субсидия механизмдеріне тәуелсіз сараптама жүргізілмейді. Бюджеттің қаражаты жетпей жатқанда ақшаның әділ бөлінуін қамтамасыз ету керек. Ауыл шаруашылығының қай саласы субсидияға шынайы мұқтаж, ал қайсысы субсидиясыз дами алатынын айқын анықтау керек. Сонымен қатар аймақтарымыздың табиғи ерекшелігін де еске алу керек шығар. Мәселен, оңтүстікке қарағанда солтүстікте мал шаруашылығын жүргізуді былай қойғанда өмір сүрудің өзі әлдеқайда қымбатқа түсетіні белгілі. Алайда бұл жағдай ескерілмейді. Үкіметтің елді оңтүстік өңірлерден солтүстікке қоныстандыру саясатының да ақсап тұрғаны осыдан. Айтпағым, субсидиялау мәселесінде экономикалық тиімділік, өнімнің өзіндік құны, географиялық және табиғи ерекшелік деген ұғымдар мүлдем ескерілмейтін болды. Осыған Үкімет тарапынан сапалы әрі тәуелсіз сараптама қашан жасалады?
Сонымен қатар соңғы кезде қоғамдық ашықтықты желеу қылып, өздерінің жеке мүдделерін жүзеге асырып жүрген топтар көбейіп кетті. Олар орынсыз ұсыныстарымен министрліктің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіруде.
Қоғамдағы тұрақтылықты сақтауды көздеген министрлік наразылық білдірген жеке топтардың ығына жығылып, керекті-керексіз жұмыс топтарын құруға мәжбүр. Министрлік тіпті өз көлеңкесінен өзі қорқатын жағдайға жетті. Азық-түлік қауіпсіздігі қорқақтың қолынан келетін шаруа емес. Мүмкін аталған министрлік батыл шешім қабылдау үшін Президентіміз айтқан прокурорлық сүйемелдеуді енгізу қажет шығар?.
Пікірдің саналуан болуына қарсы емеспіз. Алайда кәсіпкерлердің басын қосып, ойларын сараптап, заңға сай келетін ортақ шешім шығарып билік алдына қою «Атамекен» палатасының міндеті емес пе еді? Егер әрбір қоғамдық ұйым бас басына өзінің жеке пікірімен мемлекеттік органдардың уақытын алатын болса «Атамекен» не үшін керек?
Осылардың барлығын қорытындылай келе төмендегідей депутаттық сауал жолдаймыз.
Бірінші. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау мөлшерін Ресей мен Белорусия деңгейіне дейін жеткізу туралы жеке өзіңіз не ойлайсыз?
Екінші. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бытыраңқы қоғамдық ұйымдардың басын біріктіріп, өзіне жүктелген міндеттерін толығымен орындауы үшін қандай шаралар қолданылуы тиіс?
Үшінші. Ауыл шаруашылығы министрлігінің саяси беделін көтеру мақсатында министрге қосымша Премьер министрдің орынбасары лауазымын беру жөніндегі көзқарасыңыз қандай?
Сауалға белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
«Ауыл» партиясы
фракциясының депутаттары
Анас Баққожаев
Серік Егізбаев
Жигули Дайрабаев
Аян Зейнуллин
Қарақат Әбден
Николай Арсютин
Ерболат Саурықов
Таңсауле Серіков