2023 жылғы 6 қыркүйекте жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің
орынбасары
С. Жұманғаринге
Депутаттық сауал
Құрметті Серік Мақашұлы!
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында «ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құрылуы тиіс» деп Үкіметке тапсырма берді. Біз мұны мемлекет басшысы аталған мәселе әлі күнге шешімін таппағандықтан айтты деп түсіндік. Себебі біз адам арқауы асты өндіруші ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін жүйесіз жұмысымыз арқылы жіпсіз байлап қойдық. Президенттің жолдауында бұл мәселенің көрініс тапқаны естуші мемлекет ретінде бізді өте қуантты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке тапсырма берумен қатар, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы осы мәселені қолға алу керек» деп, аталған жүйені құрудың нақты жолын да көрсетті. Бүгінде аталған корпорация тек өсімдік шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде атап айтқанда, арпа мен бидайды ғана сатып алады. Ал картоп және сол сияқты басқа өнімдерді сатып алуды енді ғана қолға алды. Оның өзінде мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардың негізінде алдын ала төлем – форвардтық сатып алулар арқылы алуды қарастыруда. Бірақ бұл өсімдік шаруашылығындағы бар өнімді сатып алатын толыққанды жүйе емес!
Елімізде қызметі дәл осы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» сияқты «Мал өнімдері корпорациясы» да болған. Алайда ол ұзақ өмір сүрген жоқ. Белгілі де белгісіз себептермен жабылып қалды. Ол негізі жүн, тері, ет сияқты мал шаруашылығы өнімдерін алдын ала форвардтық төлем жасап, сатып алып, олардың өңделуін қамтамасыз ететін, сол арқылы шаруаларға қолдау жасайтын. Мал шаруашылығын дамытуда таптырмайтын, өте қажет ұйым болатын. Біз, «Ауыл» партиясы шаруалардың өз өнімін өткізуде кедергілер болмауы үшін кепілді түрде сатып алатын ұйымдардың қажет екенін, олардың тұрақты жұмыс істеуі шаруаларға да өз ісін жоспарлауға мүмкіндік беретінін айтудай ақ айтып келеміз. Тек оны еститін құлақ, кәдеге асыратын құлық әзірге болмай тұр. Халықта бұрынғы кеңес кезіндегідей «дайындау қосындары» (заготпункт) құрылса деген тілек бар. Оларды қайта құру оңай, бірақ оны ұстап тұру өте шығынды екенін де білеміз. Сондықтан біздегі дәстүрге айналған өткенге оралмай және басқаның қаңсығын таңсық етпей, сатып алудың басқа бір жүйесін қарастыру керек. Ол жүйе «Ауыл» партиясында бар.
Сатып алу бойынша жұмыс істейтін квазимемлекеттік мекемелер керек. Олар, ең кемі, әлеуметтік маңызы бар 19 өнімге кіретін шикізатты өндіретін шаруалар өнімдерін форвордтық сатып алу арқылы тұрақты түрде сатып алуы керек. Мал шаруашылығы өнімдерін сатып алатын жеке ұйым құрылмаса, бұл функцияны «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» атқаруы тиіс. Корпорация шаруалармен жыл басында алдын ала тиімді бағада келісімшарт жасасуы тиіс. Шаруалар сол арқылы еш кепілсіз аванс алып, жұмысын істейді. Уақыты келгенде келісімшартта көрсетілген баға мен көлемде алдын ала бекітілген орынға өнімін тапсырады.
Өнім бағасы сол кезде ғана тұрақты және қолжетімді болады. Сонда ғана өнімді тұрақтандыру қорларына жіберуге, азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қажет болса, шетелге экспортқа шығаруға мүмкіндік туады.
Біздің ойымызша нақты жұмыс істейтін жүйе осы! Біздің, «Ауыл» партиясы фракциясы депутаттарының сауалы:
– Мемлекет басшысы тапсырма берді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы»-ның жұмысы енді қай бағытқа өзгереді? Оның сатып алатын өсімдік шаруашылығы өнімінің номенклатурасы кеңейе ме?
– Мал шаруашылығы өнімдерін кепілді түрде сатып алатын мекеме құруға дайынсыздар ма? Ондай ұйым керек болмаса Корпорацияға мал шаруашылығы өнімін сатып алу бойынша функция жүктеле ме?
– Бұл ұсыныстар қабылданбайтын болса, шаруалардың өнімін кепілді түрде сатып алатын қандай балама механизмдер ұсынасыз?
Сізден жоғарыда келтірілген сауалымызға заңда белгіленген мерзімде толық жауап беруіңізді сұраймыз.
«Ауыл» партиясы
фракциясының депутаттары
Анас Баққожаев
Серік Егізбаев
Жигули Дайрабаев
Аян Зейнуллин
Қарақат Абден
Николай Арсютин
Ерболат Саурықов
Таңсауле Серіков
«Қазақстан Халық» партиясы
фракциясының депутаты Кенжеғұл Сейтжан