2023 жылғы 18 қазанда жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары С.Жұманғаринге
Депутаттық сауал
Құрметті Серік Мақашұлы!
Бүгінде қазақстандықтар тапқан табысының 60 пайызын тамаққа жұмсайды. Еуропаның дамыған елдерінде бұл шығын 11 проценттен аспайды, ал ауыл шаруашылығы әлеуеті бізден бірнеше есе төмен Белоруссия, Молдавия мен Болгарияда аталған көрсеткіш – 35 пайыз. Санкциядан көз ашпаған ресейліктер бізге қарағанда тамаққа 2 есе аз шығындалады – 32%.
Бір қызығы, біздің елде азық-түлік құнының көтерілуі фермерлерді де, ауыл кәсіпкерлерін де байытып жатқан жоқ. Себебі қосылған құн сауда нүктелері айналасындағы делдалдар қалтасында қалып отыр.
Баға тұрақсыздығының негізгі себепкері – жергілікті құзырлы органмен реттелмейтін, көлеңкелі экономиканы «қыздырып» отырған қаладағы базарлар мен оның айналасына ұйымдасқан топ – делдалдар. Шаруаларды зар қақтырып отырған да осылар. Шаруалар қақпаның ішіне кіру үшін бір төлейді, ішіне кіріп көлік орнына тағы да төлейді. Тәшкі, таразы мен түрлі анықтама ақысы тағы бар. Шаруалар базар ішіне кіргенімен, делдалдар қолдан ұйымдастырған қысастық салдарынан тауарын арзанға беріп, ауылға қайтуға мәжбүр болады.
Осылайша 1900 теңге тұратын шаруа әкелген сиыр еті делдардар арқасында дастарханымызға 3200, ал 80 теңгенің картобы 250 теңгемен жетеді. Ауыл шаруашылығы өнімінің қай түрін алсаңыз да осы жолмен саудаланады!
Базар айналасы еш мемлекеттік бақылау орнатылмаған алыпсатарлар қоймасына толы. Қойма иелері шаруаларды қалауынша «илеп», бағасын «сындырып», әкелген өнімін арзанға алып алады да, сол жерде тұрақты сатып алушылары арқылы қымбат бағаға сатып, тер төкпестен байып отыр.
Үкімет пен Әкімдіктер делдалдарды «ауыздықтай» алмаса, баға нарығын ретке келтірмесе, «бұл нарық, біз араласа алмаймыз» деп отыра берсе, аты дардай Сауда министрлігі не үшін қажет? Сауда-саттық жүйесін халық игілігіне бұра алмаса, бұл мемлекеттік органнан не пайда?
Сұрақ көп, бірақ әлі кеш емес!
Азық-түлік бағасын арзандату үшін жаңа амал, батыл қадам керек.
Ол – бар.
Нарықтық экономикада бағаны реттеудің бір жолы – тұтынушы кооперативтерін дамыту. Бұл бағыттағы жұмысты азық-түліктік дүкендерден бастау қажет. Олар басқалардан сатып алған өнімнің үстіне кем дегенде 25-30 пайыз қосымша құн қосып, қайта сатады. Себебі кез-келген кәсіпкерліктің мақсаты пайда табу.
Ал егер дүкеннің иесі кәсіпкер емес, тұтынушылардың өздері болса ше? Сену қиын, алайда шетелде мұндай кооперативтік дүкендер баяғыдан жұмыс істеп келеді.
Еуропаның кейбір кооперативтік дүкендері өз тұтынушыларына (кооператив мүшелеріне) тауарды қолжетімді бағамен сатып, дамып, кеңейіп, соңынан ірі сауда желілеріне айналған. Мысалы, Швейцарияның «Мигрос» атты ірі сауда жүйесі әлі де кооперативтік негізде қызмет атқарады, ал оның иесі де, тұтынушысы да сол елдің 2 млн. азаматы. «Эдека», «Мандрагон» кооперативтерінің дамығаны соншалық, олар өздерінің кооператив мүшелеріне тауарды ғана емес, қызмет түрлерін де өзіндік құнымен ұсынуда.
Қазақстанда дәл осындай үлгіде кооперативтік дүкендер ашуға болады. Бұл кооперативтік дүкендердің мақсаты пайда табу емес – тұтынушыларын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету. Осы жүйе арқылы азық-түлікке қосылған қосымша құнды төмендетуге болады. Бір әттеңі халықта жобаны іске асыратын қаражат жоқ. «Кооперативтік дүкен құрамыз, келіңіздер ақша жинайық» деп тұтынушылардан белсенділік күту ұзақ, әрі қиын. Мұндайда, тәуекелге барып, алғашқы қайтармалы капиталды толығымен мемлекет беруі тиіс. Құйылған капиталды мемлекетке кейін тұтынушылардың кооперативке кірген жарнасы арқылы қайтаруға болады. Бір жоба болса да, жол көрсетіп, адамдарды біріктіріп, кооперативтік қозғалысты бастап беру аса маңызды!
Кооперативтік дүкендер құрылса, тұтынушылары көбейіп, кеңейсе, кейін оларды өңірлердегі ауыл шаруашылығы кооперативтерімен, шаруалармен байланыстыра аламыз. Сөйтіп өндірістен шыққан өнім тікелей сатып алушыға ешқандай қосымша құнсыз жететін болады. Бұл азық-түлік бағасының кем дегенде 50 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл бағытты дамыту қазіргі нарықтағы бағаны қалыптастыру жүйесіне бәсекелес болып, азық-түлік бағасын реттеуге ықпал жасайтыны анық.
Осы ұсынысты қаперіңізге алып, сол бойынша нақты позицияңызды айтып, пилоттық жоба ретінде алғашқы кооперативтік дүкен құрып, батыл қадам жасауыңызды сұраймыз.
«Ауыл» партиясы
фракциясының депутаттары
Анас Баққожаев
Жигули Дайрабаев
Серік Егізбаев
Аян Зейнуллин
Қарақат Әбден
Николай Арсютин
Ерболат Саурықов
Таңсауле Серіков
«Amanat» партиясы Сергей Пономарев
фракциясының депутаты