Баққожаев
Анас
Ахатұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің

Депутатқа хат
Премьер-Министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Н.С.Байбазаровқа жіберілген бюджеттің төртінші деңгейін қолдау саясатындағы теңгерімсіздіктер туралы депутаттық сауал

2024 жылдың 14 ақпаны жарияланды


Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің

орынбасары –

Ұлттық экономика министрі

Н.С. Байбазаровқа


ДЕПУТАТТЫҚ  САУАЛ


Құрметті Нұрлан Серікұлы!


2018 жылы Қазақстан ауылдарының жеке, дербес бюджеті пайда болып, аталған төртінші деңгейлі бюджет 2019 жылдан бастап толығымен іске қосылған болатын. Содан бері бес жыл уақыт өтті. Енді оған талдау жасап, қорытынды шығарып, тиісті ұсыныстар енгізетін кез келді.

          Бүгінде өз дербес бюджеті өз қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін ауыл саны саусақпен санарлық. Бұл Қазақстандағы ауылды елді мекендердің 0,2% ғана. Соған қарамастан аудандар мен облыс орталықтары ауыл бюджетіне қол сұғып, артылған қаржысын кері бұрып алуын тоқтатар емес. Мысалы, Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округінің бюджетіне түскен 583 млн теңгенің 103 млн теңгесі ауылдың қажеттілігіне жұмсалып, қалған 480 млн теңге жоғары тұрған бюджет алып отыр. Сонда төртінші бюджет – ауыл бюджетінің еркіндігі, дербестігі қайда?

Іргелі ауылдық округіндегі елді мекендерде инфрақұрылым бойынша көптеген мәселені шешу қажет, газ, жарық, жол жүргізу керек. Өз қаражаты өзіне толығымен жетіп тұрған елдімекенге неге мүмкіндік бермейді? Аталған ауыл әкімі жақында ғана «Ауыл» партиясынан сайланғандықтан біз жағдайды нақты білеміз. Ал біз жағдайынан бейхабар қанша  ауыл бар?

          Жалпы, жиналған салығы өзіне жетпейтін ауылдардың басым бөлігі Ұлытау (5,6%), Қызылорда (9,3%) мен Қарағанды (11,4%) облысында. Ал Павлодар мен Атырау өңірінде парадокс. Бұл облыстардың өндірісі өркендеген. Бірақ ауылдары өзін өзі қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша аутсайдерлердің қатарында. (10,3% және 11,3%). Бұл мұндай үлкен өндірістік инфрақұрылымның ауылды елді мекендер бюджетіне еш берері жоқ деген сөз!

          Ауыл бюджетінің басым бөлігін, 80%-н көлікке төленетін салық пен жеке кіріс салығы құрайды. Алайда бұл түсімдер динамикасы жыл өткен сайын төмендеуде. Оның басты себебі халықтың жаппай көшуі мен көлік сату барысындағы тіркеу жұмыстарының олқылығында жатыр. Үкімет бұл туралы жақсы білгенімен мәселені шешуді қолға алмай отыр.

          Ауыл бюджетіндегі ең күрделі мәселе жоғары тұрған бюджеттердің ауыл бюджеттеріне беретін трансферттері мен субвенцияларының дұрыс бөлінбеуінде болып отыр. Бөлініс әділ болса түсетін салығы аз ауылдар трансферттер мен субвенцияларды көбірек алатын еді ғой? Көмек тура пропорционалды түрде мүмкіндігі төмендерге көбірек берілмеуші ме еді? Ендеше, қазіргі дисбалансты қалай түсіндіресіздер?

          Мысалы, Ұлытау облысындағы ауылдарда түсетін салық көлемі республикалық жалпы көрсеткіштің 0,62%-і ғана. Ал жоғары тұрған бюджеттерден сол ауылдарға бөлінетін субвенциялар мен трансферттер көлемі жалпы көрсеткіштің 2,54%-на тең. Түсінікті тілмен айтқанда түсімі өте төмен ауылдар көмектің де ең төмен бөлігін алып отыр. Мұндай саясатпен ауылдарды қалай көтермексіздер?

Тағы бір мысал - Солтүстік Қазақстан мен Қызылорда облысында ауылдардың өзін өзі қамтамасыз ету үлесі төмен әрі ұқсас. 3% төңірегінде. Соған қарамастан теріскейдегі ауылдардың жоғары бюджеттен алатын көмек үлесі 4,41%, Ал Сыр бойындағы ауылдардыкі 11%. Яғни, айырмашылық екі есе.

          Кәсіпкерліктің дамуы мен инвестициалық жобалардың көбеюі  төртінші деңгейлі бюджеттің салықтық базасын да ұлғайтатынын жақсы білесіздер. Бірақ несиелендіруде де, инвестиция құюда да бюджеттік қолдаудағы парадокс сияқты айқын дисбаланс бар! Мысалы, ауыл шаруашылығы бойынша берілетін қаражат көлемінің үлесін қарайтын болсақ, ауыл бюджетінің мүмкіндігі аз және жаңадан құрылған Абай облысына несие мен инвестицияның 2,52%-і, Жетісу облысына 2,94%-і, ал Ұлытау облысына 0,86%-і беріліп отыр.

Кәсіпкерлік дамымаса, жаңа бизнес субъектілері пайда болмаса ауылдар бюджетіне берілген жарнама салығының немесе активтерді сатудан түсетін төлемдердің не қажеті бар? Бұл еш логикаға жатпайтын саясат!

          Осыған байланысты, «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары төменгі ұсыныстарды енгізіп, олардың дереу қарастырылуын талап етеді.

          Бірінші. Салық түсімін ескере отырып субвенция мен трансферттер берудің әділ жүйесін қамтамасыз ету қажет деп есептейміз. Кірісі төмен әрі жағдайы мүшкіл ауылдар бюджеттік қолдау, несиелендіру мен инвестициялық жобаларды көбірек алуы тиіс. Сол арқылы олардың салық базасы кеңейіп, өзін өзі қаражатпен қамтамасыз ету көрсеткіші өсуі керек.

          Екінші. Үкіметтің жоспары бойынша төртінші деңгейлі бюджеттерге жаңадан берілетін салық түрлерін «Ауыл» партиясы фракциясымен қайта пысықтап, ауыл бюджетін нақты күшейтуге қол жеткізетін амалдарды әзірлеуді сұраймыз.

          Үшінші. 2026 жылы ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Соның аясында ауыл бюджетіне түсетін салық көздеріне, оны төлейтін субъектілерге қатысты кең көлемде статистикалық зерттеу жүргізілуін талап етеміз. Қазірден бастап соның методикасын айқындап алу аса маңызды.

          Құрметпен,

«Ауыл» партиясы

фракциясының депутаттары                                     

А. Баққожаев

С. Егізбаев

Ж. Дайрабаев

Қ. Әбден

Н. Арсютин

А. Зейнуллин

Е. Саурықов

Т. Серіков