Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
А.С. Сапаровқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!
2011 жылы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар өзін-өзі басқару ұйымдарын құрып, мемлекеттің қадағалауынан шығып, емін-еркін жұмыс жасауы үшін Республикалық палаталар құруға жол ашылған еді. Содан бері асыл тұқымды мал шаруашылығындағы мемлекеттік инспекцияның құзіреті қысқарып, реттеу тетіктері сол палаталарға берілген болатын.
Бастапқыда бұл палаталарға үлкен сенім артқан едік. Қой тұқымдарының стандартын өздері бекітіп, селекцияны дамытып, ғылыми мекемелермен жұмыс істеп, әртүрлі зертханалар құрып, қолдан ұрықтандыру жұмысын кеңейтеді деп күткенбіз.
Мінекей 13 жыл өтті, сол реформалардан ешқандай нәтиже шықпады!
Бұл проблема, әсіресе, қой шаруашылығында қатты байқалып отыр. Биязы жүннің сапасы жоқ, оның өндіру көлемі 2 есе азайып кетті. Қолдан ұрықтандыру қарқыны жыл сайын төмендеп барады. Қой өнімінің сапасын тексеретін зертханалар құрылған жоқ, геномдық селекция «қиял» болып қалды. Асыл тұқымды малды тіркейтін ИАС деген электронды жүйенің авторларының бірі ретінде айтайын, өкінішке қарай, мәлімет базасында жүрген қойдың көп бөлігі «асыл тұқымды» деген атына сай болмай тұр. Республикалық палаталар тіркеуге келген қойлардың параметрлерін көзбен көріп, қолымен ұстап, өлшеп, толығымен тексермейді.
Алғашында асыл тұқымды қой саласында жүннің классфикациясына байланысты 4 негізгі республикалық палата құрылады деп күткен едік. Соның арқасында палатаға мүше болып кіретін шаруашылықтардың саны артып, қойдың популяциясы кеңейіп, республикалық палаталардың қаражат қоры молаюы керек еді. Қаражат қоры жақсарған соң қой палаталары әр өңірде филиал ашып, мал сапасын тәуелсіз бақылау жүйесін құрады деп күткенбіз. Бірақ бұған да қол жеткізе алмадық!
«Қойшы көп болса қой арам өледі» деген сөз бар. Жоғарыда айтқан проблемалардың басты себебі – қой шаруашылығында біз күткендей 4-еу емес, 17 республикалық палата құрылғанында. Бақандай 17! Тілім-тілім болып ұсақталып кеткен палаталарда жөні дұрыс қаражат қоры бола ма? Көптеген палаталардың іссапарға ақшасы жоқ. Жинаған ақшасы жалақысынан артылмайтын палаталар өңірге барып барлық асыл тұқымды қойды тексере алады дегенге сенесіз бе? Әрине, сену мүмкін емес. Ал мемлекет болса асыл тұқымды қойдың саны өсті деп, жалған статистикаға сеніп жүр.
Бұл 17 палатаның бөліп алған бағыттарына қарасаңыз «төбе шашыңыз тік тұрады». Әділет министрлігінде тіркелген кезде ұқсас ұйымдар болмасын деп палаталарға ақылға қонбайтын небір атаулар берілген. «Етті-майлы» деген былай тұрсын, «етті-тонды», орысша айтқанда «мясо-шубное» бағыттағы қойдың палатасы дегенді қалай түсінуге болады? Немесе импорттық және отандық генофондтың біртекті емес жүні бар құйрықты қойлардың палатасы деген қандай мағына береді? Биязы, жартылай биязы және аралас біртекті жүні бар қойлар палатасы деген қайдан шыққан?
Нәтижесінде биязы жүн беретін «Меринос» тұқымын 1 емес 4 палатада тіркей аласыз. «Еділбай» мен «Сарыарқа» қойларын да 5 палатаға кіргізуге болады. Мұндай жағдайда бірыңғай мәлімет базасы не болмақ?
Асыл тұқымды мал шаруашылығы заңында республикалық палаталар малдың өнімділік бағыты бойынша құрылады делінген, бірақ бұл бір-бірінің жұмысын қайталайтын бірнеше палата болсын деген сөз емес қой. Қазақстанда нотариалдық палата 1-еу, сот орындаушыларының палатасы 1-еу, тіпті адвокаттардың да палатасы 1-еу. Демек өзін өзі реттейтін ұйымдардың саясаты да бір жерден шығады деген сөз. Ал асыл тұқымды мал шаруашылығында бұл принцип қайда қалды? Қойшылар қай палатаға барып жұмыс істерін білмей шатасып, адасып жүр. Ақыры селекция жұмысында да, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту саясатында да жүйелі жұмыс жоқ.
Көп палаталардың басшыларын танимын. Бұрыннан бірге қызмет етіп келе жатқан мықты мамандар. Бірақ шындық ащы болса да айтайын – айналдырған 3 млн-ға жуық асыл тұқымды қойды 17-ге бағытқа бөліп алғаннан не шықты?
Палаталардың жұмысы малды тек тіркеп қойып, «асыл тұқымды қой» деген қағаз берумен ғана шектеліп отыр. Сонда мемлекеттің қалтасынан төленетін субсидияның тиімділігі қайда?
Әрине, мемлекеттің меншігінде бірде бір мал басы жоқ. Сәйкесінше мемлекеттің бұл жұмысқа араласуының не қажеті бар деген пікір қалыптасады. Алайда, бюджеттің ақшасы – бұл халықтың қазынасы. Соның есебінен асыл тұқымды мал шаруашылығына жыл сайын 23,6 млрд теңге субсидия төленіп жатыр. Демек, мемлекет асыл тұқымды қойдың көп болуына сенімді болуы керек.
Осыған орай палаталардың саны қысқарып, бағыты ұқсастары бір-бірімен бірігуі керек деп есептейміз! 17 палатаның басшылары бір мәмілеге келе алмаса, я болмаса кім басшы болады деп таласқа түссе, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі кепілдік беріп, компромисстік бір шешім ұсынуы қажет. Осы талаптың орындалуын тез арада қамтамасыз етуіңізді сұраймыз.