Мәжіліс депутаттары Қайрат Балабиев, Ерлан Абдиев және Темір Қырықбаев Кентау қаласындағы нысандарды аралап, Кентау Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына барып, № 5 жылуэнергоорталығын қайта жаңарту жұмыстарының атқарылуын танысты.
Депутаттармен бірге «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алтынсары Үмбетәлиев, партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева аралап көрді.
– Қаңтар айының басынан бастап сайлаушылармен тұрақты кездесулер өткізіп келеміз. Халықпен өткен жүздесулердің барлығында дерлік жылу жетіспейді деген шағымдар көптеп айтылуда. Тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, Кентаудағы жылуэнергоорталығына кәсіпорынның бүгінгі қызметін арнайы көру үшін келдік. Орталықта төрт жылу қазандығы жұмыс істеп, жылу қуаты 60 пайыз ғана болып отыр. Бұл мәселені Кентау қаласының әкімдігімен, партиялық құрылымдар арқылы тұрақты бақылауымызға аламыз. Халық жасаған төлеміне сай сапалы жылу алуы керек, – деді Қайрат Балабиев.
Сондай-ақ, депутаттар «BNK Group LTD» ЖШС-нің жаңбырлатып суару машиналарын жасау жобасымен танысты. Құны 1,2 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба бойынша 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, сұранысқа ие жаңа технологиялармен ауыл шаруашылығына қажетті суару техникалары құрастырылмақ.
Ал «КазОйлЭнерджи» ЖШС-ның өндірістік алаңына барған депутаттар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу және оны утилизациялау жобасымен танысты. Жеке кәсіпкер Руслан Мұратұлы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның құны 24 млрд теңгені құрайды. Жылына 100 мың тоннаға дейін өндірістік қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын 1 500 адамды жұмыспен қамтып, қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға үлесін қоспақ. Қазір мұнда өндірістік алаңды дайындау жұмыстары қарқын алып, құжетті құрал-жабдықтар әкелінген. Өндіріс орны биыл тестілік режимде жұмысын бастайтын болады.