Қ. Балабиев Шардара ауданының «Шағалалы» ауылына барды. Жергілікті халық су қоймасының түбінде отырса да, сапалы ауыз суға жарымай келеді.
Депутат "Тама Тастанбек" жерасты су қорын пайдалану мақсатында республикалық бюджеттен қаржыландыруға қатысты Үкіметке сауал жолдаған болатын. Ол су жүйесі жүргізілсе, тек Шардара емес, Арыс пен Отырардың іргелес ауылдарының да таза ауыз су мәселесі шешілген болар еді.
Шардарада да жылдап баспана кезегін күткен отбасылар бар. Сапар барысында Қ. Балабиев Шардараның жаңа қоныс иелерімен кездесіп, оларға құтты болсын айтты.
Аудан әкімінің айтуынша, қалада 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Осы орайда депутат үй, мектеп, аурухана және т. б. нысандардың құрылыс сапасына баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
Соңғы жылдары балық шаруашылығымен айналысатындардың қатары артып келеді. Шардарада 5 зауыт пен өзге де ірілі-ұсақты балық өңдеушілер бар. Депутат Тұрысбеков ауылына барып, Шабақ өсіретін кооперативтің жұмысымен танысты. "Ауыл аманаты" бағдарламасының аясында 2,5 пайызбен 70 млн. теңгедей несие алып, шабақ өсіруді бастаған. Олар өсірген шабақты, ірі балық зауыттары өз кәдесіне жаратады.
Қазақстандық өнімнің сапасы жоғары болғандықтан, АҚШ, Израиль, Түркия, Польша, Германия және Венгрия сияқты мемлекеттерге экспортталуда. Кәсіпорындардың көбеюі бюджетке салық түсімінің артуы мен жергілікті жұртшылықты жұмыспен қамтуға кепіл болады.
Қ. Балабиев Шардарадағы «Жайлы мектеп» жобасының орындалу барысымен танысты: 1 мың 200 орындық бір мектепке бөлінуі тиіс 7,4 млрд тенгенің 2,6 млрд теңгесі бөлінген. Ал 300 орындық екінші мектеп ғимаратқа 4,1 млрд. теңгенің 280 млн. теңгесі ғана бөлінген. Нысандардың жаңа оқу жылына дайын болатынына кепіл жоқ.
Халықпен кездесулерде жергілікті жерлерде мектеп, бала бақша, аурухана, спорт кешендері мен мәдениет үйлерін салу, жолдарды жөндеу мен таза ауыз сумен қамтамасыз ету, әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселелері көтерілді.