Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында депутат «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша баяндама жасады:
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бір топ Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген болатын.
Бұл Заң жобасы құқық қорғау органдары кадрлық резервін қалыптастыру және жоғары басшылық лауазымдарға тағайындау тәртібін жетілдіруге арналған.
Бүгінде кадр резервіне енгізу және басшы лауазымдарға тағайындау мәселесін бірінші басшы немесе уәкілетті басшы жеке өзі шешеді.
Сол себепті, депутаттар кадрлық резервке (соның ішінде Президенттік резервке) тек аттестаттау арқылы Комиссияның алқалы шешімі негізінде енгізуді, яғни, жоспардан тыс аттестаттауды ұсынып отыр.
Одан басқа Президенттік резервте тұрған қызметкерлер полиграфиялық зерттеуден өтуге және Бас прокуратура жанындағы Академияда менеджерлік, басқару мәселесі бойынша біліктілігін арттыруға міндетті болады.
Түзетулерге сәйкес енді жоғары қызметке тағайындау үшін кем дегенде 3 ай резервте тұру қажет етіледі.
Сонымен қатар, әрбір құқық қорғау органының басшысына өзінің нормативтік актісімен қосымша талаптар енгізу құқығы берілетін болады. Өйткені, әрбір органның өз қызметінің ерекшеліктері бар және резервистерді таңдау тәсілдері әртүрлі. Мұндай актімен резервте тұрған қызметкерлерді жоғары лауазымға ұсыну тәртібі мен критерийлері бекітіледі.
Тағы да атап өтетін түзету, ол – жоспарлы аттестаттау нәтижесінде қызметі төмендеген адамдар тек бір жыл өткен соң ғана жоғары қызметке ұсынылуы болып табылады. Ал қазір ондай талап жоқ. Сондықтан, аттестаттаудан өтпеген қызметкер бір апта немесе бір ай өткен соң қайтадан жоғары қызметке тағайындалуы мүмкін.
Заң жобасының негізгі ережелері осылар. Олар кадрлық резервке іріктеу сапасын арттырады, оған ұсыну жолдарын ашық етеді, жоғары лауазымдарға тағайындау мәселесінде субъективизмді жоятын болады.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қабылдау келесі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:
1) меритократия қағидатына негізделген кадр резервіне іріктеу сапасын арттырады;
2) резервшілерді кадр резервінен тағайындау кезінде ашық рәсімдерді қамтамасыз етеді;
3) жоғары тұрған басшы лауазымдарға тағайындау кезінде субъективті және жеке-дара шешім қабылдауды болдырмайды.
Жоғарыда аталған міндеттерді іске асыру құқық қорғау органдарын одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етеді және олардың қызметінің тиімділігін арттырады.
Заң жобасын қабылдау қосымша бюджет қаражатына, теріс құқықтық, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды.».