Базарбек
Бақытжан
Жұмабекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Жалпы отырыс

    Жалпы отырыста депутат Қазақстан республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Васильевич Склярға және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Ноғайұлы Асыловқа сауал жолдады:

   "Әр қалада тығыз салынған құрылыстың жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Іс жүзінде құрылыс салушылардың еркін іс-әрекеті мен заңды бұзуы орын алуда, Алматы қаласының елімізің қаржы-мәдени орталығынан орасан зор құрылыс аумағына айналуы осыған мысал болады. Астанада, Шымкентте, Оралдың сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарында, Атырауда, Ақтауда және Ақтөбеде де жағдай осындай.

   Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алмай, эскиздік жобаны келіспей, жобалау-сметалық құжаттамасы жоқ, құрылыс жүргізуге рұқсат беретін хабарламасыз, тұрғын үй құрылысына үлестік қаражат тартуға рұқсаты жоқ, нысаналы мақсаты құрылыс салуға арналмаған жерде көп қабатты тұрғын үй кешендері салынуда. Құрылыс рекреациялық және су қорғау аймақтарында, халықаралық әуежайдың күзет аймағында, тектоникалық жарықтары бар жерде, қызыл сызықта, сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарда, жоғары вольтты желілерді қорғау аймағында, өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитариялық-қорғаныш аймақтарында, қолданыстағы зираттардың санитариялық-күзет аймақтарында, қолайсыз аумақтар мен терең сайларда салынады. Құрылыс инженерлік желілерсіз, коммуникация жүргізілмей салынуда. Коттедждердің, демалыс аймақтарының элиталық тұрғын үй кешендерін салу үшін аумақты босату үшін үлкен таулар мен шоқылар тегістеліп, құнды сирек ағаштар мен бұталар кесіліп, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерінің табиғи мекендейтін жерлері айналымнан шығарылады. Құрылыс үшін барлық алма бақтары жойылды, тіпті зираттардағы жерлеу орындары да тегістелді.

   Жылдар бойы біз құрылыс секторы мен тұрғын үй құрылысы саласын жан-жақты қолдау көрсете отырып, қала тұрғындары үшін ең басты жайлы және қауіпсіз өмір сүру жағдайлары туралы ұмытып кеттік, ал тұрғындар күн сайын құрылыс тығыз салынып жатқанын ғана көрмейді, сондай-ақ құрылыс салушылардың заңсыз әрекетін де көріп отыр. Тиісті рұқсатсыз, жобаны бекітпей және қажетті келісуден өтпей тұрғын үйлерді салып жатқан құрылыс салушылар жеткілікті деңгейде бақылау мен қадағалау жүргізілмеуіне байланысты тұтынушыны алдап, заңды күші жоқ түсініксіз шарттар мен келісімдерді еркін жасасуда, пәтерлерді сатуда және осылайша алдағы уақытта мемлекетпен сотта дауласатын наразы топты қалыптастыруда.

   Көбінесе бөлшектеу қаупіне тап болған немесе рұқсат құжаттары жойылған құрылыс салушы өз салымшыларын митингілер мен наразылық шеруіне итермелейді. Құрылыс салушылардың қызметі салынған үйден қымбат шаршы метрді сатып алған адамдарға ғана емес, жалпы елдегі конституциялық құқықтық тәртіпке де қауіп-қатер төндіреді.

  Тектоникалық жарықтары бар жерде және сейсмикалық қауіпті аймақтардағы қарқынды құрылыс салу наразылықтың туындауына әкелді. Мұндай тұрғын үйлер қалай пайдалануға қабылданады, неге адамдар заңмен қорғалмайды? Неліктен бизнесті қолдай отырып, адамдардың қауіпсіздігі мәселесін екінші орынға қойып отырмыз!

   Өкінішке орай, біз құрылыс салушыларға еркіндік беріп қойдық, бұл нақты қауіп-қатер туғызып отыр!

   Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте «біз қалаларымызды, әрине, астанамызды жайластыруға назар аударуымыз керек. Қалаларымыздың көрінісі көңіл көншітерлік емес. Әкімдер өз қалаларында, елді мекендерінде жаяу жүрулері тиіс.» деген болатын.

  Біз құрылыс және жер қатынастары саласында тәртіп орнатуға, құрылыс салушылардың жауапкершілігін қатаңдатуға, сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтар мен өңірлерде заңсыз және өз бетінше құрылыс салу тәуекелдерінің алдын алу бойынша бірқатар түбегейлі шараларын қабылдауға тиіспіз!

   Осыған байланысты, Үкімет пен Бас Прокуратурадан мынадай іс-шараларды іске асыруды сұраймыз:

   1. Рекреациялық, сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарды тұрғын аймақтарға ауыстыру үшін аудандарды егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзетулер енгізуге мораторий жариялау.

   2. Сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарда, қалалардың рекреациялық және қоғамдық аймақтарында пайдаланылмайтын жерлерге және өз бетінше құрылысқа ғарыштық мониторинг енгізу. Осы ғарыштық мониторингтің нәтижелері жерді сот тәртібімен алып қою, сондай-ақ құрылысты тоқтата тұру, құрылысқа бастапқы және рұқсат беру құжаттарын кері қайтарып алу және жою үшін құқықтық негіз болуға тиіс.

  3. «Сәулет және құрылыс саласындағы қоғамдық мүдделерді қорғау жөніндегі омбудсмен» институтын енгізу, оған өз бетінше және заңсыз құрылыс салудың аймақтары мен аумақтарын тексеруге бастамашылық жасауға дейін қажетті өкілеттіктер беру.

  4. Уәкілетті органдармен комиссия арқылы пайдалануға қабылдау актілерін міндетті түрде келісе отырып, сейсмикалық, сел және көшкін болу қаупі бар аймақтарда салынған объектілерді, әсіресе көппәтерлі тұрғын үйлерді комиссия арқылы пайдалануға қабылдауды заңды түрде қайтару.

  5. Екі және одан да көп қабатты тұрғын үй құрылысының барлық объектілері үшін міндетті сейсмикалық аудит енгізу.

  Көрсетілген депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап берулеріңізді сұраймыз.".

  Осы сауалға депутаттар Е. Әбдиев, Ж. Амантайұлы, А. Перуашев, Д. Мұқаев, С. Пономарев,  И. Смирнова қосылды.