Депутат Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р. В. Склярға және Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б. Н. Асыловқа сауал жолдады:
"Халыққа жайылымды жерлерді қайтарсақ, банктерді ауыздықтаудан бастау керек, ағайын!
30 жылда неше рет банктерді кұтқардық! Халықтың қазынасындағы ақшаны Құлыбаевтың, Өтемұратовтың, Машкевичтің, Жақсыбековтың және басқа да олигархтар мен бұрынғы жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз?!
Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан құтқару керек. Соның бірден бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауыл шаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет.
Қазіргі таңда, Бас Прокуратураның ақпараты бойынша екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде көлемі
2 миллион гектар 3,9 мың ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр. Оны банктер және каржы ұйымдары өздері пайдаланбайды және сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, тұтқындалған 2 миллион гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер бар екендігін халық біле ме?
Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни, шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап-арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісім-шарттарын бұзу туралы талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады.
Қазақстан бойынша ресми ақпаратқа сәйкес жер үлескері бар 169 кәсіпорын бар, ал бейресми ақпарат бойынша одан да көп. Онда 80 мыңға жуық үлескер өзінің шартты жер үлестерін кәсіпорынға салып, бірі дивендент алып жүрсе, көбісі кедейдің күнін кешуде. Халықтың көпшілігі өзінің жерлерінің банкке заңсыз кепілге қойылғанын 5-10 жылдан кейін білген, ал қалғандары оны да білмейді.
Кәсіби зангер ретінде менің сот тәжірибемде қолыма түскен кепіл шарттарының заң нормаларын қатаң бұзу жолдарымен жасалғандығын, халықтың шартты жер үлесінен тұратын жерлерін кепілге қою үшін кәсіпорын басшылары жалған жалпы жиналыс жасап, құжаттарды фальсификациялауға дейін барған.
Мұндай фактілер толып жатыр, құжаттар да жеткілікті. Өкініштісі, мұны құқық қорғау органдары да байқамайды, сот та көрмейді. Ақыры, халықтың ашу- ызасы күннен күнге көбейіп бара жатыр.
Нақты қадам жасаудың уақыты келді. Оны жер реформасынан бастап, екінші деңгейлі банктер мен каржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екендігін ұмытпауымыз керек.
Сондықтан, Үкімет пен Бас Прокуратура бірлесе отырып:
Біріншіден, 2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.
Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 миллион гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды дереу қамтамасыз ету қажет.
Үшіншіден, азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктер мен қаржы ұйымдарында кепілге қоюға
2 жылға мораторий енгізу керек.
Төртіншіден, заңсыз банктер мен қаржы ұйымдарында кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлердің жағдайы бойынша Құқық қорғау органдарының ведомствоаралық комиссиясын құруды және Комиссия қорытындысының нәтижесінде кінәлі тұлғаларды қылмыстық қудалау науқанын бастау қажет.
30 жылда онсыз да халық қазынасынан тойынған банктер мен оның артында тұрған олигархтарды жарылқамай, халықты ойлайтын уақыт келді.
Банк пен бизнестің көңілін аулаймыз деп, ауылдың халқын бақыр мен тақырға отырғызып қоймайық. Енді оянатын, еңсемізді көтеретін сәт туды, ағайын!".
Осы сауалға депутаттар М. Әбенов, Н. Әуесбаев, Қ. Балабиев, Е. Жаңбыршин, М. Ергешбаев, Қ. Иса, Д. Исабеков, А. Қалықов, С. Мұсабаев, А. Рақымжанов, А. Сағандықова қосылды.