2023 жылғы 1 маусымда депутат Е. А. Бейсенбаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы «Қазақстан Республикасы Заңының іске асырылу барысы туралы» тақырыбындағы дөңгелек үстел жұмысына қатысты. Дөңгелек үстелге Парламент Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің, Республикалық нотариаттық палатасының, Республикалық жеке сот орындаушылары палатасының, сондай-ақ басқа да бірқатар қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Негізгі баяндаманы Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Біржанов Ержан Ерікұлы сөйлеп, өз сөзінде банкроттықтың соттан тыс және сот тәртібімен рәсімдерін қолдануға жүгінген азаматтар туралы статистикалық мәліметтерді жария етті. Ол шешуді қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелердің қатарын анықтап, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Әбдірахманов Нұрлан Алмасұлы баяндама жасады. Атап өтілгендей, қаралып жатқан заң қолданысқа енгізілген сәттен бастап оны іске асыру шеңберінде қаржы ұйымдарының өз функцияларын орындауын бақылау бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл қамтамасыз етілген. Мониторинг барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталды, олардың бірқатары бойынша жедел шешімдер қабылданды, ал кейбіреулері бойынша оларды заңнамалық реттеу талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ, уәкілетті органның қарыз алушыларға проблемалық несиелерді сотқа дейін реттеу шарттарын кеңейту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқаны айтылды.
Сондай-ақ баяндамамен «Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы» ЗТБ Кеңесінің төрайымы Бахмутова Елена Леонидовна сөз сөйледі. Ол Қазақстан азаматтарының мүддесі үшін қабылданған заңды сәтті жүзеге асыру үшін соттан тыс және сот тәртібімен банкроттық рәсімдерін жүргізуге келіп түсетін өтініштерді кезеңді түрде талдау қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ талдау нәтижелері бойынша бірқатар статистикалық деректер және заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша қорытындылар мен ұсыныстар келтірілді. Дөңгелек үстелге қатысушылар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығына қатысты өзекті мәселелерді бірлесе талқылау және сапалы диалог жүргізіліп, мемлекеттік органдар өкілдерінің жауаптары тыңдалды, жеке тұлғалардың банкроттығы саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар айтылды.