2024 жылғы 08 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ержан Алмабекұлы Бейсенбаев Шымкент қаласында жұмысын жалғастырып, "AZALA Textile" ЖШС-де болып, фабриканың ағымдағы жағдайымен танысты.
«AZALA Textile» ЖШС фабрикасы 2005 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күнде ол мақта өндеуден дайын өнім тігіп шығаруға дейінгі толық өндірістік циклі бар еліміздегі жалғыз жұмыс істеп тұрған тоқыма фабрикасы. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Бұл кәсіпорын отандық ірі өндірушы болып табылады және мемлекеттік тапсырыс аясында әскери формалар, мектеп формасы, төсек-орын жиынтықтарын тігіп шығаруға дайын. «AZALA Textile» ЖШС шығарған өнімнің 80 пайызы экспортқа жолданатын, қазіргі уақытта геосаяси жағдайларға байланысты өнімнің экспорты 50 пайызға қысқарып, фабрика жабылу алдында тұр. Қазіргі танда мұндай фабрикалар мемлекеттік қолдауысыз күн көре алмайды. Депутат фабриканы аралап, фабриканың жұмысы мен шығаратын өнімімен танысты.
«Зауыт мәселесін Үкіметке жеткізу, отандық өндірушілерді қолдау, импорттық өнімді отандық өнім ретінде өткізуге жол бермеу қажет. Мәселені шешу үшін «мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға өзгерістер енгізу, стратегиялық объектілер сияқты кәсіпорындарды қарау және Үкімет тарапынан субсидиялар бөлу қажет», - деді депутат.
Сондай-ақ Ержан Алмабекұлы қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді. Олар жалақының төмен екендігіне шағымданды, депутаттан өз фабрикасының толық жұмыс істеуіне үлес қосуды сұрады.