Осы жылдың 16-маусымында Арқалық қаласында «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің және партиялық бақылау Комитетінің моноқаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі оның ішінде Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының жобасы және 2021 жылы қайта жаңартылған ЖЭО-ның жылумен қамтамасыз етуі бойынша бірлескен көшпелі отырысы өтті.
Арқалық қаласындағы ЖЭО отын мазутынан көмірге ауыстырылып, отын сатып алу шығындарын азайтуға мүмкіндік бергендігі белгілі. Жобаның құны 7,4 млрд теңгені құрады. Өкінішке орай, қазіргі уақытта қайта жаңартылған ЖЭО объектінің жұмысы барысында көптеген ақаулар табылғанына байланысты өз әлеуетін толық пайдалана алмай отыр. Қайта жөндеуден өткен жұмыстың сапасы талапқа сәйкес келмейді. Ағымдағы жылдың мамыр айында жаңадан салынған қазандықтың тұрақсыз жұмыс істеуінің барлық себептерін анықтау және 2023-2024 жылдарға арналған жылыту маусымы басталғанға дейін оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау үшін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевке жүгінуге тура келді. Осы мақсатта Арқалық қаласына министрлік Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің өкілдерін жіберді. Мониторинг қорытындысы бойынша осы проблемалардың себептері анықталды.
Қазіргі уақытта «Азия Энергопроектмонтаж» ЖШС мердігері белгіленген жабдықта анықталған көптеген олқылықтармен жұмыс істеуде, ақауларды толық жөндеу мерзімі белгіленген.
Қазір жылыту маусымы басталғанға дейін аз уақыт қалды және мердігер нысанның сапалы жұмысын жолға қоюы керек. Облыстық және қалалық әкімдіктер мердігердің Арқалық ЖЭО-н іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтауын ерекше бақылауда ұстауы және өткен маусымдағы жағдайдың қайталануына жол бермеуі тиіс.
Өз кезегінде депутаттар, «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің және партиялық бақылау Комитетінің мүшелері бұл мәселені өз бақылауында ұстайтын болады.