Бүгін сәуірдің 11-і күні «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша жұмыс тобының отырысын өткіздім.
Заңның жобасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары О.Т. Кизатов баяндама жасады.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) 2021 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған.
Келісім бір жағынан, басқа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы банктерге кредиттік ресурстар үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттердің резиденттері үшін тең жағдайлар жасауға және екінші жағынан, банктер үшін басқа мүше мемлекеттердің резиденттерін кредиттеу туралы шешімдер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапалы бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған, бұл ЕАЭО шеңберінде трансшекаралық кредиттеуді дамытуға ықпал ететін болады.
Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарды талап етпейді.
«Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 2) тармақшасына сәйкес Келісім ратификациялауға жатады.
Жұмыс тобының мүшелері қойған сұрақтарына жауаптарын алған соң, Заң жобасын Комитеттің отырысына шығаруды қолдады.