Бүгін сәуірдің 26-сында Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қабылданды.
Заңның жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 12 қазанындағы №813 қаулысына сәйкес енгізілді. Мәжілісте 2022 жылға 22 қазанда тіркеліп, 26 қазанда Мәжіліс отырысында жұмысқа алынды.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кредиттік тарихтың құрамына кіретін мәліметтер алмасу тәртібі туралы келісім 2021 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалған.
Келісім кредиттік тарихтың құрамына енгізілген ақпарат алмасу механизмін, тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ, шекара арқылы алмасуға жататын ақпараттың ең аз тізімін белгілейді.
Заң жобасының негізгі тұстары туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрайымы Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова баянамасында айтып өтті.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеті осы заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Заң жобасын қарау барысында қазақ тіліндегі заң жобасының тақырыбы мен мәтініне қатысты редакциялық сипаттағы бір түзету келіп түсіп, ол жұмыс тобының мүшелері тарапынан қолдау тапты.