Бейсенғалиев
Берік
Тұрсынбекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Заңның жобасын бірінші оқылымда қарау туралы

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша» Заңның жобасы мақұлданды.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асады.

Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ы балалардың 18 жасқа толғанға дейінгі арнайы шоттарына аударылады. Бірақ қаражатты мерзімінен бұрын алуға болмайды.

Кәмелетке толған азамат өз шотында жиналған ақшаны тұрғын үй алуға немесе білім алуға жұмсай алады.

Есте сақтайтын нәрсе, баспананы Қазақстаннан аумағында ғана сатып алуға немесе жақсартуға рұқсат етіледі. Ал қаражатты білімге құяр болса шетелдік оқу орнындағы оқу ақысына пайдалана алады.

Егер азаматтығын ауыстырып немесе оны жоғалтқан кезде бұл қаражатты пайдалану құқығына ие бола алмайды.

Шотта жинақталған қаражатты 18 жасқа толған кезде ғана пайдалануға болады. Кәмелеттік жасқа толған азамат жинақталған қаражатты өзі немесе мұны оның заңды өкілі арқылы ала алады.

Төленетін қаражаттан салық алынбайды. Ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Ал егер кәмелетке толған азамат шоттағы қаражатты мүлдем алмайтын болса, жинақталған сома сол адамның зейнетақы шотына аударылады.

Егер азамат қайтыс болса, онда бұл қаражатты алу құқығы мұрагерлеріне өтеді.

Бұл шоттарға тыйым салуға, олардан қаражат өндіріп алуға және шектеулердің басқа түрлерін қолдануға болмайды. Қаражат АҚШ долларымен жинақталады.

Жұмыс тобының отырыстары әлі жүргізіледі. Екінші оқылымға дейін депутаттардан келіп түсетін барлық ұсыныстар жан-жақты қарастырылады.