Бейсенғалиев
Берік
Тұрсынбекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Заңның жобасын екінші оқылымда қарау туралы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мақұлданды.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне 2023 жылғы 23 мамырда оған бастамашы болған Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының ұсынуына сәйкес енгізілді.

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз олардың арнайы жинақтау шоттарына аударуды көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу қажеттілігі туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.

Заң жобасының негізгі мақсаттары кәмелетке толған кезде жиналған қаражат есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға мүмкіндік жасау мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының өскелең ұрпағын қолдау болып табылады.

Заң жобасын қарау барысында жұмыс тобының отырыстарында жекелеген нормаларды жетілдіру мақсатында бірқатар түзетулер қабылданды, оның ішінде:

- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен мемлекеттік органдарының құзыреті, сондай-ақ квазимемлекеттік ұйымдар мен нысаналы жинақтарды есепке жазуды, есепке алуды, төлеуді және қайтаруды жүзеге асыратын ұйымдардың құзыреті нақтыланды;

- нысаналы жинақтар мен олардың төлемдерін тоқтата тұру, тыйым салу, тәркілеу мүмкіндігін шектеу жөніндегі шаралар нақтыланды;

- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының нысаналы талаптарды есепке алуды жүргізу тәртібін бақылауды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің құзыреті нақтыланды;

- кәмелетке толмағандар мен кәмелетке толғандардың нысаналы жинақтарға қатысып, кейіннен төлемдерді алу, сондай-ақ осы төлемдерді алу құқығын тоқтату құқықтары нақтыланды;

- нысаналы жинақтарға қатысушы немесе алушы қайтыс болған немесе соттың шешімі бойынша қайтыс болды деп танылған жағдайда мұрагерлердің нысаналы жинақ төлемдерін алу құқықтары нақтыланды.

Сондай-ақ, жұмыс тобы заң жобасын заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіру мақсатында Мәжіліс комитеттері мен депутаттары, сондай-ақ заңнама бөлімі енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.