Заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауын және «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы № 140 Жарлығының іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:
- стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту және осындай активтерді экономикалық айналымға тарту үшін реттелетін инфрақұрылым мен нарықтық тетіктер құру;
- синдикатталған қаржыландыруды және банктермен бірлесіп қаржыландыруды дамыту және қаржы институттары мен жеке инвесторларды ел экономикасын қаржыландыруға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- қаржы заңнамасын жетілдіру, оның ішінде рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру және қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын субъектілер үшін әкімшілік кедергілерді азайту жолымен жетілдіру;
- қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру, кредиторларды ұстамды кредит саясатын жүргізуге ынталандыру және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу шараларын қабылдау жолымен азаматтардың шамадан тыс кредит алуын азайту, сондай-ақ қаржы нарығында алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жасау үшін жағдайлар жасау.
Заң жобасының негізгі ережелеріне мыналар жатады:
банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – БОЖТЖҰ) және микроқаржы ұйымдарының (бұдан әрі – МҚҰ) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және дамыту жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) тиісті рұқсатын алған электрондық сауда алаңдары арқылы стрестік активтерді міндетті сатуы жөніндегі талапты белгілеу;
синдикатталған қаржыландыруға қатысушылар құрамын кеңейту және синдикатталған қаржыландыруды ұйымдастыру рәсімдерін жетілдіру;
коллекторлық агенттіктерге азаматтардың кредиттері мен микрокредиттерін берешекті қайта құрылымдау рәсімдерін жүргізбей сатуына тыйым салуды енгізу, сондай-ақ уәкілетті органға микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға қатысты қосымша пруденциялық нормативтерді белгілеу жөніндегі құзыретті беру;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қаржы нарығын дамытуға, жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін жетілдіруге, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ қаржы нарығындағы алаяқтыққа қарсы іс-қимылға бағытталған өзге де өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
Заң жобасын қабылдау банктердің, БОЖТЖҰ және МҚҰ теңгерімінде есепте тұрған мүлікті, оның ішінде банктік қарыз және микрокредит беру туралы шарттар бойынша құқықтарды (талаптарды) сатып алу-сату мәмілелері бойынша баға белгілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.