Соңғы жылдары барлығымызды алаңдатып жүрген мәселе халықтың шамадан тыс кредит алуы және қарыз алушылар құқықтарының бұзылуы.
Өткен жылдың аяғындағы жағдай бойынша ондай қарызға белшесінен батқан азаматтардың саны 1,6 миллионан асқан. Яғни, экономикалық белсенді халықтың төрттен бірі. Проблемалы кредиттердің жалпы сомасы 1,5 трлн. теңгеден асып түскен. Қаржылық алаяқтықпен байланысты қылмыс саны да өсіп кеткен. Соңғы екі жыл ішінде банктерде 14,6 млрд теңге сомаға 7,8 мың жалған кредит ресімделген. Жағдай өте ауыр.
Сондықтан оны тізгіндеу үшін, өткен жылдың соңында біздің – бір топ Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын Мәжіліс жұмысына алып, оның тұсаукесерін жасаған болатын.
Ол заң жобасының негізгі мақсаты: қарыз алушылардың кредиттері бойынша борыштың өсуіне жол бермеу, мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеу және атқарушылық іс жүргізу шеңберінде азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту, азаматтардың кредиттер бойынша банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету, кредиттер бойынша алаяқтықты азайту және т.б. болып табылады.
Осы ретте заңнамаға Банк омбудсманының қарыз алушы – жеке тұлғалардың дауларын шешу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейтуді, кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды жылу беру маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салуды, кредит бойынша төлем талабын көрсеткен кезде банктік шотта кемінде 2 есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша сақтауды және т.б. көздейтін нормалар енгізілетін болады.
Заңның жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшілігі маған тапсырылып, енді оның алғашқы отырысын өткіздім. Алдымен, жұмыс тобының мүшелері тағы да осы саланың барлық күрделі тұстарын талқылап, мемлекеттік органдар өкілдеріне сұрақтарын қойды.
Заң жобасының нормаларын жақсартатын ұсыныстар келіп түсуде. Отырыстар қаржы ұйымдары, азаматтық қоғам белсенділерінің қатысуымен өтетін болады. Жұмыстың бәрі алда.