Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның транспорт логистикалық әлеуетін арттыруға, инфрақұрылымды дамыту тәсілдерін қайта қарауға – баса назар аударуда.
Осы орайда, Астанадан Қандыағашқа дейінгі «Орталық-Батыс» көлік дәлізін құру жобасы бойынша – автожол салу және реконструкциялау мәселесі өзекті.
Көлік дәлізін жобалауға 2016 жылы республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге жұмсалып, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, 2016 жылдың 1 наурызында мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынған. Дүниежүзілік банкте жобаға деп 977,86 млн. доллар резервтелген. Бірақ, өкінішке орай, аталған жолдың құрылысы бойынша жұмыстар әлі басталған жоқ.
Жаңа көлік дәлізі келешекте Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінің, оның ішінде Ақмола, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облыстарының теңгерімді дамуына ықпал етуі тиіс.
1997 жылы Орталық Қазақстандағы Торғай облысы жабылғаннан кейін, көлік дәлізінің ортасында орналасқан бұрынғы аудандарда өмір сүру деңгейі, жұмыспен қамту деңгейі төмендеп, еліміздің әр өңіріне көші-қон көбейгенін айта кеткен жөн. Арқалық қаласының қала құрушы кәсіпорны – Торғай боксит кен басқармасы 2021 жылы жабылғаннан кейін – өнеркәсіп өнімінің көлемі екі есе азайып, жұмыссыздық артты.
Көлік дәлізінде ең мәселелі болып тұрған – Астанадан Арқалыққа дейінгі ұзындығы 397 шақырым құрайтын автомобиль жолының учаскесі және де Қостанай облысындағы Торғай мен Ақтөбе облысындағы Ырғыз арасындағы ұзындығы 205 шақырым автомобиль жолының учаскесі.
Бұл еліміздің орталық және батыс бөліктерін төте байланыстыратын жол болады және жобалық-сметалық құжаттамасының қолдану мерзімі осы жылдың аяғында аяқталмай тұрғанда биылдан қалдырмай құрылысты бастауды талап етіп отыр.
Көлік магистралінің салынуы Қазақстан Республикасының орталық және батыс өңірлеріндегі дауыс берушілердің басты талаптарының бірі екенін және «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасы аясындағы дауыс берушілермен кездесулер – осыны растайтынын айта кету керек.
Еліміздің орталығы мен батысының арасына жол салу – жұмыспен қамту мүмкіндіктерімен қатар, ауыл шаруашылығын, туризмді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтеді, халықтың ауылдан кетуін азайту факторларының бірі болып, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Айтылғанды ескере отыра, біз осы жылдан кешіктірмей «Орталық-Батыс» көлік дәлізі жобасын іске асыруды бастау қажет деп санаймыз.
Құрметпен,
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары: Бейсенғалиев, Рау, Смышляева, Әбіл, Мұсабаев, Мысырәлімова, Елеуов.