03.05.2023 ж. жарияланды
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Р.В. Склярға
Құрметті Роман Васильевич!
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев моноқалаларды дамытуға, өмір сүру үшін қолайлы орта жасауға және оларда тұру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Қазіргі таңда Қазақстанда 27 моноқала бар және оларда 1,4 млн. адам тұрады. Көбісінде ұқсас, шешілмеген проблемалар аз емес. Негізгілері – тұратын жерінен көшіп кету, халық санының азаюы, жоғары жұмыссыздық деңгейі, инженерлік, көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылуы.
Мысалға, Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларында су желілері, канализациялық, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85% астамды құрайды. Арқалықта жолдардың 80% артығы қанағаттандырылықсыз жағдайда, ал бала өлімі көрсеткішінің өсуі 2022 жылы алдындағы жылмен салыстырғанда 40% артқан. Оның негізгі себептері – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы деңгейінің төмендігі. Нәтижесінде халықтың 50 % астамы басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды.
Бұл ретте дәл сондай проблемалары бар Қостанай облысының Амангелді, Жангельдин сияқты алшақ аудандары үшін сонау Торғай облысы кезінен бері Арқалық стратегиялық маңызды болып табылады. Соған ұқсас жағдай Қазақстанның басқа да моноқалаларында қалыптасқан, кейбірлері бойынша келешекте ауыл қылып қайта құру мәселесі туындауы мүмкін (Серебрянск, Қаражал қ.қ).
Осыған орай, ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген. Осы күнге дейін ол жаспарларды Үкімет әлі бекіткен жоқ. Яғни, 2023 жылдан бастап іске асырылуы тиіс Кешенді жоспарлар әлі орындалмай отыр.
Бұл мәселе «AMANAT» партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысы барысында моноқалалардың жұртшылығымен болған кездесулерде аз көтерілген жоқ. Жоспарларды уақтылы қабылдау шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашумен өңірге өнеркәсіптік өндіріс көлемін ұлғайтуға және жеке инвестициялар тартуға, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт объектілерінде қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ халықты орталықтандырылған сумен қамтуды жақсартуға, халықтың кетуін азайтып қана қоймай көшіп кеткендердің қайта оралуы үшін жағдай жасауға мүмкіндіктер береді деп болжануда.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты моноқалалар және олардың жанындағы аудандардың дамуы үшін аталған Кешенді жоспарлар жобаларын Үкіметтің бекітуін жеделдету және оны іске асыруға кірісу қажет деп санаймыз.
Сізден осы депутаттық сауалды қарауды және жауапты заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды сұраймыз.
Құрметпен, | |
«AMANAT» партиясының фракциясының депутаттары | Б. Бейсенғалиев А. Рау Е.Смышляева А. Мысырәлімова |