31.01.2024 ж. жарияланды
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
Т.Б. Дүйсеноваға
Депутаттық сауал
Қазір Қазақстанның жоғары білім беру саласында өткір тұрған мәселелердің бірі – жоғары оқу орындары инфрақұрылымының оқу-зертханалық алаңдарына шамадан артық күш түсуі мен келешекте олардың жетпей қалу қаупі.
Атап айтсақ, 2015-2016 оқу жылдары еліміз бойынша жоғарғы оқу орындары меншігіндегі оқу ғимараттарының жалпы ауданы - 5 145 994 ш.м., оның ішінде тікелей оқу процесіне пайдаланылатын оқу-зертханалық алаңдардың ауданы 2 661 974 ш.м. құраған.
Ағымдағы оқу жылының басында республика бойынша жоғары оқу орындарының меншігіндегі оқу ғимараттарының жалпы ауданы - 5 449 083 ш.м., (өсім 5,8) оның ішінде 2 781 516 ш.м. оқу-зертханалық алаңды (өсім 4,4%) құрады. Осы кезеңде жоғарғы оқу орындары студенттерінің жалпы контингенті 2015-2016 оқу жылындағы 459 369 адамнан биылғы жылы 592 694 адамға 30% - ға жуық өсті. Жоғарғы оқу орындары оқу процесіне қатысатын орын тапшылығын жалға алынған алаңдар есебінен жапты. Егер 2015-2016 жылдары жоғары оқу орындары 145 410 ш.м. жалға алған болса, бүгінгі таңда жалға алынған аудан – 1 111 193 ш.м. құрайды, өсім 7,6 есе! Осы жерде айта кететін жайт, көп жағдайда жалға алынған алаңдар мемлекеттік білім беру стандарттарына қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.
Жекелеген өңірлерде жағдай ерекше алаңдатарлық. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында биылғы оқу жылының басында жалпы оқу алаңдарының 621 553 ш.м. яғни 100% - ға жуығы жалға алынған.
Алматы мен Астана мегаполистарында да оқу-зертханалық алаңдарының мәселесі күрделі. Мәселен, Алматы қаласында 2015-2016 оқу жылының басында жоғары оқу орындарының оқу ғимараттарының жалпы ауданы - 1 773 522 ш.м. құрады (оның ішінде 765 848 ш.м. оқу-зертханалық алаңы). Биылғы оқу жылының басында жоғарғы оқу орындары оқу ғимараттарының жалпы ауданы - 1 726 050 ш.м. құрады (2,7%-ға төмендеді, оның ішінде 864 189 ш.м. оқу-зертханалық алаңдар (12,8% - ға өсті). Сонымен қатар, осы кезеңде қала бойынша студенттер саны 128 707 адамнан 186 633 адамға дейін өсті. Өсім 45% - дан асты, бұл оқу алаңдарының өсу қарқынынан 4 есеге жуық жоғары. Ғимараттар ауданының өсіміне қарағанда, студенттер санының өсімі 4 есеге артық. Астанадағы жағдай да осындай.
2030 жылға дейін еліміз бойынша жоғары білім алушы студенттердің саны болжамды түрде 800 мың адамға дейін өсетінін ескерсек, оқу алаңдары көлемінің баяу өсу көрсеткіштері аудиториялар мен лабораториялар тапшылығына әкеп соғуы, тиісінше, бірінші кезекте оқу процесінің сапасына теріс әсерін тигізері анық. Осылайша, жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын жақсарту, осы саладағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Аталған сұрақты шешуге серпіліс беретін әдіс ретінде жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (ГЧП) тетігін қолдануға болады деп санаймыз. Осы ретте, қазірдің өзінде студенттердің 55%-ы мемлекеттік емес жоғары оқу орындарында оқитынын ескере отырып, бұл бастама тек мемлекеттік жоғары оқу орындарына ғана емес жекеменшік жоғарғы оқу орындарына да қатысты қолданылуы тиіс.
Осы орайда, «Қаржы орталығы» АҚ-ның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану бойынша тәжірибесін меншік нысанына қарамастан ЖОО-ның жаңа оқу ғимараттарын салуда да пайдалануды ұсынамыз.
Қарауыңызды сұраймыз.
Құрметпен,
Депутаттар,
«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшелері Б. Бейсенғалиев
Е. Әбіл
А. Әлтай
Ж. Сүлейменова
Қ. Бексұлтанов
«Respublica» партиясы
фракциясының мүшесі» Н.Тау