Құрметті отырысқа қатысушылар, әріптестер!
Бүгінгі таңда өскелең ұрпақ арасындағы лудомания мәселесі Парламент депутаттарының да, бүкіл қоғамымыздың да алаңдаушылығын тудыруда. Өйткені, жасөспірімдер құмар ойындарға оңай (ересектермен салыстырғанда) тартылады және олармен байланысты проблемалар жиі кездеседі.
Осыған байланысты біз осы мәселені зерделеуге бастама көтердік, депутаттық сауал жолдадым.
Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша соңғы үш жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсады, бұл алаңдаушылық туғызатын жағдай, өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныған болатын.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің ақпараты бойынша букмекерлік кеңселер немесе ойын автоматтары ұйымдарында бәс тігуді кемінде бір рет жүзеге асырған балалардың саны 700 мың адамды немесе барлық оқушылардың 20 пайызын құрайды.
Бұл көрсеткіш өсіп, трагедияға айналуы мүмкін, болашақта жастардың тағдырын бұзады.
Өйткені, бүгінде жастар арасында құмар ойындар мен бәс тігу аясында қайғылы жағдайлар орын алды.
Мысалы, үстіміздегі жылдың 5 ақпанында Астана қаласында 3 млн.теңгені жоғалту фактісі бойынша жұбайымен болған жанжалға байланысты жас жігіт қылмыс жасап, апасы мен жас баласын өлтірді.
Тағы бір мысал, элиталық әскерлерде, ҰҚК Академиясында жас курсант құмар ойындар негізінде өз-өзіне қол жұмсады. Бұл ретте, мұндай жағдайлар Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында болған.
Жалпы, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3 676 суицид фактісі жасалды, оның әрбір бесіншісін құмар ойындарын ойынайтын адам жасаған.
Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелділік біздің елдегі ажырасу статистикасына әсер етеді. Мәселен, Қазақстандағы 10 жұптың 7-і құмар ойындарға байланысты ажырасады.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20%-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған.
Осылайша, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, біз қазірдің өзінде өскелең ұрпақты құмар ойындардың зұлымдықтарынан қорғауымыз керек.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының құзыретті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен жұмыс тобын құрдық. Бүгінгі таңда балалар арасында құмар ойындар мен бәс тігудің танымалдылығының таралуын болдырмау үшін біз тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Мысалы, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне:
- оқушылар, колледж студенттері мен ата-аналар арасында құмар ойындар мен бәс тігудің зияны туралы ақпараттық-насихаттау жұмысын күшейту;
- құмар ойындар мен бәс тігудің зияны туралы ақпараттық роликтер мен плакаттар шығару мәселелерін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, телеарналарда, радиода және әлеуметтік желілерде құмар ойындар мен бәс тігудің зияны туралы үгіт-насихат роликтерін әзірлеу мәселесі көтерілді.
Заңнамалық бастамалар шеңберінде Парламент Мәжілісінің қарауында тұрған заң жобаларына бірқатар ұсыныстар енгізілді.
Мәселен:
- ойын бизнесі саласындағы жарнамаға тыйым салу;
- букмекерлік кеңселердің қосымшалары мен онлайн-ставкаларын жою;
- букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар үшін лицензия мерзімдерін 10 жылдан 5 жылға дейін, ойын мекемелері үшін 10 жылдан 7 жылға дейін қысқарту;
- лотерея операторларына олардың қызметін қаржы ұйымдарынан, ломбардтардан, білім беру мекемелерінен және т.б. кемінде 500 метр қашықтықта жүзеге асыру бойынша талаптар қою туралы түзетулер ұсынылды.
Осы түзетулер бүгінгі күні Үкіметтің қорытындысына бағытталған.
Сонымен қатар, лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы және нарықтың қалыптасқан шындықтары мен көлемдеріне сәйкес ойын бизнесіне салынатын салық мөлшерлемелерін өзектендіру Үкіметке ұсынылды.
Мәселен, 2017 жылда жаңа Салық кодексі қабылданып, жекелеген қызмет түрлерімен айналысуға лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы және ойын бизнесіне салынатын салық ставкалары бекітілген кезде құмар ойындар мен бәс тігу ұйымдары бойынша қызметтер көлемі 15,5 млрд.теңгені, ал 2022 жылы 553,6 млрд. теңгені құрады. Яғни, өсім 35 еседен астам болды.
Осыған байланысты, біз төлем және салық ставкаларын:
1)тотализатор мен букмекерлік кеңсе үшін 640 айлық есептік көрсеткіштен 30 000 айлық есептік көрсеткішке дейін;
2)тотализатор кассасы – айына 300 айлық есептік көрсеткіштен 6 000 айлық есептік көрсеткішке дейін;
3)тотализатордың электрондық кассасы – айына 4 000 айлық есептік көрсеткіштен 80 000 айлық есептік көрсеткішке дейін;
4) букмекерлік кеңсенің кассасы-айына 300 айлық есептік көрсеткіштен 6 000 айлық есептік көрсеткішке дейін;
5) букмекерлік кеңсенің электрондық кассасы – айына 3 000 айлық есептік көрсеткіштен 60 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтуды ұсындық.
Назар аударғаныңыз үшін рахмет!