Берденов
Руслан
Арысбекұлы

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Букмекерлік кеңселердің қызметіне қатысты

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының деректеріне сәйкес 2022 жылы 157 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық жасалған, оның 20 %-ы немесе 31 мыңнан астамы құмар ойындар негізінде жасалған. Қазіргі уақытта түзеу және пенитенциарлық мекемелерде 34 702 адам ұсталуда. Бір сотталғанды ұстауға күніне 5 800 теңге жұмсалатынын, жылына 2,2 млн теңге шығын келетінін атап өткім келеді. Осындай адамдарды ұстауға арналған шығыстар жалпы 76,3 млрд. теңгені құрайды. Алайда, көрсетілген қаражатты профилактикаға бөлу және құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу арқылы осы санаттағы құқық бұзушылықтардың өсуін болдырмауға болады.

Бұдан басқа, 2022 жылғы статистикалық деректерге сәйкес 3 676 суицид фактісі жасалды, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға құмар адам жасады.

Осылайша, букмекерлік кеңселер мен басқа да құмар ойындар қазақстандықтардың өміріне кері әсерін тигізеді.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша көрсетілген қызметтердің көлемі мыналарды құрады:

- 2020 жылы – 89,7 млрд. теңге;

- 2021 жылы – 501,2 млрд. теңге;

- 2022 жылы –600 млрд. теңгеден астам.

Осылайша, соңғы үш жылда біздің азаматтар құмар ойындарға 1 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсады, бұл алаңдаушылық туғызатын жағдай, өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ауру деп таныған болатын.

Букмекерлік кеңселер осы күнге дейін адамдарды құмар ойындарға тартып, агрессивті жарнамалық науқан жүргізіп, еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отыр.

Үкімет осы ұйымдардың жарнамалық қызметін бақыламайды, ол букмекерлердің барлық спортқа, спорттық іс-шараларға демеушілік жасайды, сондай-ақ салық төлейді деп сілтеме жасайды.

Сонымен, мынадай салыстыруды келтіргім келеді:

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес 2022 жылы ойын бизнесін ұйымдастырушылардан салық аударымдары 109 млрд. теңгені құрады.

Бұл ретте бір адамға шаққанда лудоманиядан емдеу курсы орта есеппен 400 мың теңгені құрайды. Елде осындай 350 мыңға жуық адам бар екенін ескерсек, оларды емдеуге жұмсалатын шығындар 140 млрд. теңгені құрайды.

Осыған байланысты, құрметті Әлихан Асханұлы, Сізден қабылданып жатқан шаралар бойынша түсіндірме беруді және мынадай іс-шараларды өткізуді тапсыруды сұраймын:

1) заңнамалық деңгейде барлық ақпараттық алаңдарда (ТВ, радио, сыртқы жарнама, билбордтар және т.б.) осындай ұйымдарды жарнамалауға толық тыйым салуды белгілеу;

2) интернетте құмар ойындарды бұғаттау үшін интернет-контентті шектеу бойынша ең озық жүйелердің бірі ретінде Қытай Халық Республикасының тәжірибесін зерделеу;

3) Банктік карталар, POS-терминалдар, ұялы байланыс операторлары арқылы ойын шоттарының төлемдерін қабылдауға тыйым салу қажет.