2024 жылғы 18 маусым Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында өткен кездесуде болды.
Жаңа диалог алаңының алғашқы жиыны Nazarbayev University медицина мектебінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Дәрігер Talks»-тың ерекшелігі – мұнда дәрігерлер өмірде және кәсіпте қалыптасудың жеке тарихымен бөліседі, жалпы денсаулық сақтау саласын дамытуға қатысады және өз үлестерін қосады.
Сөз басында, Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов барша қатысушыны өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтап, мемлекет әрдайым денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударатынын атап өтті. Ол сондай-ақ партияның 70 мыңға жуық мүшесі – медицина саласының өкілдері екенін және олар «AMANAT»-тың маңызды тірегі саналатынын жеткізді.
Осы маңызды іс-шараға еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам дәрігер, медбикелер, оқытушылар, ғалымдар, медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылар «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында бас қосты. Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.
Кездесуге қатысушылар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерін қолдау және жалпы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бұрын-соңды болмаған оң шаралар қолға алынып жатқанына назар аударды.
Мәселен, дәрігерлердің еңбекақысы 3 еседен астам жоғарыласа, орта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2 еседен астам өсті. Бұл дегеніміз – 270 мыңнан астам отандасымыз бен олардың отбасы мүшелері. Ауылдағы дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін ауылдық жерге көшіп барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді. Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға енгізілген бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген.
«Дәрігер Talks» қатысушылары денсаулық сақтау саласына және әлеуметтік салаға қатысты бірқатар бастама жасады.
Іс-шара соңында «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов, Денсаулық сақтау министрі А.Әлназарова және Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Қ.Ерғалиев кәсіби қызметіндегі еселі еңбегі үшін бірқатар медицина қызметкерін марапаттады.