2024 жылғы 20 желтоқсан Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева Астана қаласындағы №91 гимназия мектебінде болып, оқу мекемесінің ұжымымен кездесті
Іс-шара Мемлекеттік кеңесшінің Ұлттық құрылтай мүшелерімен жұмыс кездесуі қарсаңында өтті.
Депутат әлеуметтік желідегі жеке парағында өз әсерімен былай деп бөлісті: «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы ел мектептерінде жүзеге асырылуда. Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайтын болады. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын.
Осыған орай «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізіліп жатыр. Алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында барлық мектептерде ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту.
Астана қаласындағы №91 гимназия мектебіндегі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының табысты жүзеге асырылуына куә болдым.»
Сондай-ақ Н.Дементьева елдің ертеңі болатын бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір бірінен ажырамас біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады,-деді депутат.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, білім беру ұйымдарында түрлі бағытта 22 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Жыл бойы оқушылар «Күй күмбірі», «Жасыл мекен», «Шахмат ойнау», «Асық ату» республикалық іс-шараларына қатысты. Сондай-ақ елімізде «Жас сарбаз», «Жас волонтер», «Жас эколог», Жас дебатер» секілді балалар мен жасөспірімдер қозғалысына оқушылар тартылды.