2024 жылғы 21 желтоқсан Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева Мемлекеттік кеңесші Е.Кариннің Ұлттық құрылтай мүшелерімен жұмыс кездесуіне қатысты.
Кездесуде Ұлттық құрылтайдың аясында 2024 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы жасалды. Мемлекеттік кеңесші Е.Карин Ұлттық құрылтай мүшелері Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында көшпелі отырыс өткізіп, жұртшылықпен кездескенін айтты. Сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестер атынан келген Ұлттық құрылтай мүшелерімен бөлек кездескенін атап өтті. Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бойынша 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды. Қазірдің өзінде олардың басым бөлігі орындалды. Жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу аясында жыл бойы ғылым мен білім, мәдениет пен ономастика салаларында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Ұлттық құрылтай жұмысындағы тағы бір бағыт – әлеуметтік кеселмен күрес. Биыл Парламент әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудоманияға қарсы іс-қимыл, вандализммен күрес, вейпке тыйым салу мәселелері бойынша бірқатар заң қабылдап, оларға Президент қол қойды. Сондай-ақ бірер күн бұрын Парламентте есірткі бизнесімен күрес туралы заң қабылданып, құжат Президентке қол қоюға жолданды. Осы заңдардың барлығын әзірлеуге Құрылтай мүшелері белсенді атсалысты.
Жалпы, Мемлекеттік кеңесші жылды қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.
Отырыс соңында өткен сұрақ-жауап сессиясында Ұлттық құрылтай мүшелері өз ұсыныстары мен тілектерін айтты.