2025 жылғы 13 ақпан Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева Парламент кітапханасында өткен «Қазақ халқының тарихы» атты кітаптың тұсаукесеріне қатысты.
Парламент кітапханасында «Қазақ халқының тарихы» кітабының таныстырылымы өтті. 2023 жылы AmalBooks баспасының «Таза тарих» сериясы аясында Алаштың көрнекті зиялысы, тарих зерттеушісі Мұхаметжан Тынышбайұлының шығармалары «История казахского народа» атауымен орыс тілінде жарық көрді. Жинақтың негізгі өзегі – 1925 жылы алғаш басылып шыққан «Материалы к истории киргиз-казахского народа» еңбегі болды.
Бұл құнды туындының ғасырға таяп қалса да, әлі күнге дейін қазақ тіліне аударылмағанына байланысты баспагер қазақшаға аударуды жөн көрді.
«Бұл жинақтың қазақ тілінде жарық көруі – тарихымызды тереңірек тануға жол ашатын маңызды қадам. Мұхаметжан Тынышбайұлының шығармалары қазақ халқының өткенін, мәдениетін және рухани әлемін жаңаша көзқараспен, сырттай таңып берген емес, өз көзқарасымызбен түсінуге ықпал етеді. Алаш арысының еңбектері қазақ тарихының ұмыт болған деректерін жаңғыртып, оны жаңа тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Бұл арқылы біз өткенді қайта зерделеп, болашақ ұрпаққа шынайы әрі ғылыми негізделген тарихи білімді ұсынуға міндеттіміз», -деп атап өтті баспагер, AmalBooks баспасының негізін қалаушысы Б.Бұқарбай.
Н. Дементьева: «Қазақтың ұлы перзенті Әлихан Бөкейхан өзінің тарихын ұмытқан ел – ұрпағына не қалдыратынын білмейді, деген еді. Тарихты сызып тастауға болмайды, бірақ қателіктерді қайталамау үшін өмірден сабақ алуымыз керек. Ата-бабаларымыздың ерлігі туралы естелікті сақтап, оны өскелең ұрпаққа жеткізу біздің қолымызда».