2024 жылғы 20 маусым Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева «Полиэтникалық Қазақстан: этномәдени генезис» тақырыбындағы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының отырысына қатысып, сөз сөйледі.
Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының, «Қоғамдық келісім» РММ өкілдері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, этникалық БАҚ өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Сенат депутаты Н.Ниязова «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының кезекті отырысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойылғанына 30 жыл толу жылында өтетінін атап өтті. Осы кезеңде Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік құқығы бар конституциялық институт болып қалыптасты. Ассамблея барлық қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімі мен ұлттық рухын нығайту үшін нағыз идеологиялық флагман болып табылады, бұл бүкіл қоғамның байытылуына және мәдени ықпалдасуына тиімді әсер етеді. «Бір ел – бір мүдде» парламенттік депутаттық тобы өзінің алғашқы күндерінен бастап бүгінгі күнге дейін Мемлекет басшысының бастамаларын, саяси-экономикалық реформаларды, сондай-ақ елдің стратегиялық мақсаттары мен идеалдарын қоғамға түсіндіру бойынша кездесулер ұйымдастырып отырады, деді.
Сондай-ақ, отырыста ҚХА-ның 30 жылдығын мерекелеуді еліміздің белсенді азаматтары мен патриоттарын ақпараттық жұмысқа тарта отырып, этносаралық диалог пен саяси тұрақтылықты нығайту үшін пайдалану керектігі атап өтілді. Үкіметтің қаулысымен «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» ҚХА 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарланған іс-шараларды сапалы өткізу және ҚХА-ның этностардың қоғамдағы интеграциясының негізгі институты ретіндегі рөлін айқындайтын тиімді ақпараттық контент құру маңызды.
Жиында сөз сөлеген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Е. Кочетов, депутаттар Б.Жексенбай, С.Пономарев, А.Сатвалдиев және т.б өткізілетін шаралармен қатар, бірнеше түйінді міндеттерді іске асыру қажет екенін айтты. Бұл этносаралық қақтығыстардың алдын алуды жалғастыру және этносаралық қарым-қатынас факторы ретінде мемлекеттік тілді неғұрлым белсенді ілгерілету, бұл қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді қолдауға ықпал етеді; барлық қазақстандықтардың бойында ортақ азаматтық құндылықтар мен патриотизмді қалыптастыру жөніндегі шараларды іске асыру. Бұл барлық мемлекеттік органдардың міндеті. Этникалық құндылықтар жалпыазаматтық құндылықтардан басым болмауы тиіс: мемлекетке құрмет көрсету, оның заңдарын орындау; Қазақстанның дәстүрлері мен мәдениетін құрметтеу керек.
Сондай-ақ ақпараттық ашықтық пен мемлекеттік органдардың қылмыстық-тұрмыстық оқыс оқиғаларға уақтылы реакциясы және этникалық тиесілігіне қарамастан бұлтартпау шараларын қолдану қажеттігіне назар аударылды. БАҚ, интернет және әлеуметтік желілер мониторингі арқылы этносаралық араздықты таратуға ықпал ететін ақпараттық материалдарды анықтау, сондай-ақ заңнамаға сәйкес ден қою шараларын қабылдау қажет. Бұған қоса, БАҚ-та және түсіндіру жұмыстарында этностардың азаматтық қатысу фактілерін кеңінен жариялау маңызды: әскери қызмет өткеру, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу, өмірдің түрлі салаларын (ғылым, экономика, әлеуметтік сала және т.б.) дамытуға үлес қосу (қайырымдылық, волонтерлік және т.б.).
Баяндамашылар қазіргі ақпараттық әлемде бұқаралық коммуникация құралдары адамдарға, олардың мінез-құлқы мен ойлауына әсер етудің басты факторлары болуын атап өтті. Ассамблея өз жұмысын әлеуметтік желілерде кеңейтіп, интернет-қоғамдастықтарда спикерлер пулын қалыптастырды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, Ассамблея достық пен өзара түсіністік, араздық пен этникалық белгілер бойынша бөлінуге жол бермеу ахуалын қалыптастырды. Оның қызметі түрлі этнос өкілдеріне тәуелсіз елдің тең құқылы азаматтары болуға мүмкіндік берді. Президент Бірлікті әралуандықта сақтаудағы ҚХА-ның маңызды рөлін үнемі атап отыратынын естен шығармау керек. «Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» – дәл осы идеяны қоғамда дамыту және ілгерілету қажет, делінді отырыс барысында.