2025 жылғы 10 cәуір Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева алғаш рет қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітаптың таныстырылымына қатысты.
Парламент Мәжілісінің кітапханасында алғаш рет қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітаптың таныстырылымы өткізілді. Кітап авторы – Мейіржан Әуелханұлы, ақпараттық технологиялар саласындағы тәжірибелі маман, сарапшы, жасанды интеллект технологиясымен жұмыс істеу әдістемесін қазақ тілінде алғаш жүйелеген азамат.
Кітап 10 бөлімнен және 1000-нан астам арнайы құрастырылған промпт үлгілерінен тұрады. Бұл еңбек қазіргі кезде білім беру жүйесінде, мемлекеттік басқаруда, және кәсіптік біліктілікті арттыру саласында практикалық көмекші құрал ретінде қолданыла алады. Бұл туынды технологиялық сауаттылықты арттыруға, жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік тілде қолдануды ілгерілетуге бағытталған.
«Жасанды интеллект әліппесі» – бұл:
-қазақ тілінде жазылған алғашқы практикалық құрал;
-жасанды интеллект негіздерін қарапайым тілмен түсіндіретін;
-қоғамның түрлі саласына – білім, медицина, өндіріс, өнер, қаржы – жасанды интеллектті қалай тиімді енгізуге болатынын нақты мысалдармен баяндайтын;
-1000-нан астам арнайы жазылған промпт үлгілерін қамтитын бірегей әдістемелік жинақ.
Жиынға қатысқан депутаттарға, мемлекеттік ұйымдардың, БАҚ өкілдеріне, қызметшілерге қазіргі замани әлемде белсенді қажеттілігі зор жасанды интеллект саласында іске пайдалы, тиімді мағлұмат берілді. Депутаттар іс-шарада сөз сөйлеп, тілектерін білдірді.