2025 жылғы 9 мамыр Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Мәңгілік алау мен Даңқ аллеясына соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қоғам мен жас буын өкілдері жиналып, Ұлы Отан соғысына қатысқандарды еске алды.
Ақмола облысы әкімдігі хабарлағандай, салтанатты жиында сөз сөйлеген М. Ахметжанов ақмолалықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігін атап өтті.
Соғыс жылдары майданға Ақмола облысынан 90 мың адам аттанса, соның тек 37 мыңнан астамы ғана аман оралған. Ақмолалықтар Мәскеу түбіндегі шайқаста, Сталинград пен Курск доғасындағы қанды ұрыстарда қайсарлық көрсетті. Өңірдің ерекше мақтанышы – 106-шы Ақмола кавалериялық әскер дивизиясы. Бұл дивизияның жауынгерлері мен командирлерінің есімдерін қазіргі таңда тарихшылар анықтап жатыр. Олар 1942 жылдың көктемінде Харьков маңында ерлікпен қаза тапқан болатын.
Ақмоладан 66 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды және Даңқ орденінің толық иегері атанды. Олардың қатарында Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов пен Рейхстагқа жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов; Кеңес Одағының Батыры, жазушы, ғалым, академик Мәлік Ғабдуллин. Сондай-ақ Ақан Құрманов, Виктор Шишлянников, Сергей Юдин, Михаил Янко, Әлмұхан Сембинов, Полина Осипенко, Николай Ястребинский, Николай Сергиенко, Иван Скуридин сынды батырлар да бар.
Бүгінде Ақмола облысында Ұлы Отан соғысының үш ардагері – Нұрқасым Әжітаев, Иосиф Комин және Арсентий Щудляк өмір сүруде. Олар – ерліктің куәсі және өскелең ұрпаққа өнеге, үлгі. Мерейлі күн қарсаңында облыс әкімі әрқайсысының үйіне барып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау жеткізіп, мерекелік медальдар мен 5 миллион теңге көлеміндегі сертификаттарды табыстады.
Осы өңірде 1600-ден астам тыл ардагері бар. Олар майдан даласындағы жеңісті жақындатуға бар қажыр-қайратын жұмсап, жан аямай еңбек етті. Олардың жанкешті еңбегі мен елге деген сүйіспеншілігі – бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Ардагерлеріміздің майдандағы қайсарлығы мен тылдағы ерең еңбегі әрқашан жадымызда сақталады.
«Екінші дүниежүзілік соғыста Ақмола әскери-стратегиялық тұрғыдан аса маңызды аймақтардың бірі болды. Осы өңірде құрылған дивизиялар жауынгерлік қабілетімен ерекшеленіп, майдан даласында жанқиярлықтың үлгісін көрсетті. Қысқа мерзімде 310, 387 атқыштар дивизиясы, 29 гвардиялық атқыштар дивизиясы, 106-әскер дивизиясы Ақмолада жасақталды, осы жерде жауынгерлер әскери дайындықтан өтіп, осы жерден майдан даласына аттанды.
Отан үшін отқа түсіп, қайсарлықпен үн қосып, жеңісті сыйлаған ардагерлер қауымына мың тағзым!» -деп жазды әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында депутат Н.Дементьева.