Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Тағзым

2025 жылғы 31 мамыр                                                                        Астана қаласы

Депутат Н.Дементьева әріптестерімен бірге Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шараға қатысты.

 Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде өткен іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, қоғам қайраткерлері, жұртшылық, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, тарихшылар, сарапшылар қатысты.

Аkorda.kz сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев өз сөзінде өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткергегін атап өтті. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды.

«Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды. Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр.

Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де алпыстан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында»-деді Президент.

Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Сарапшылар мен ғалымдар мемлекеттік және мекемелік архив құжаттарын егжей-тегжей зерттеді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды. Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді. Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды. Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл – шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс. Басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі – зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

«Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс.

Халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келеді. Соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білдік. Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды»-деп атап өтті Мемлекет басшысы.

 «Ашаршылық, жаппай қуғын-сүргін туралы көптеген тарих беттері жабық болды, ал олар туралы материалдар көп жылдар бойы құпия болды. Еліміздің Тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана біз сенімді фактілерге, ел бостандығы мен егемендігін қорғаған адамдардың тағдырына қол жеткізу мүмкіндігіне ие болдық. Жас ұрпақ тарихты және көптеген жаңа фактілерді білуі үшін еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында осы тақырыпқа көбірек көңіл бөлу қажет»-деді депутат Н.Дементьева бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында.