Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Өңірде

2025 жылғы 6 қаңтар

Бүгін Н.Дементьева Ақмола облысы Аршалы ауданында болды.

Алдымен депутат Аршалы ауданы Анар ауылында Анаркөл көлінің бөгетін қарап шығып, оны қайта жаңғырту жұмысымен танысты.

Өткен жылғы су тасқыны бірқатар өңірлерде залал келтіргені баршамызға мәлім, сондықтан су тасқынына қарсы іс-шаралар қазақстандықтар үшін маңызды мәселе болып қалуда. Анаркөл көлі жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, 1946 жылы ауыл мен көлдің арасында салынған және жөндеуді қажет ететін ұзындығы 1 шақырымнан асатын Анаркөл көліндегі қорғаныс бөгетін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Дренаж және сазды топырақты әкелу, құнарлы қабатты алу бойынша жұмыстар жасалды. Ағымдағы жылы қорғаныс бөгеті арқылы судың толуы мен құйылуын болдырмау үшін көл бөгетінің төменгі бөлігінде 15 су өткізу құрылыстары салынады. Депутат Н.Дементьева Мәжілісте заң шығармашылық жұмыстар бойынша, Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында айтқан міндеттерді орындау және «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша депутат әріптестерімен бірге жүргізіп жатқан іс-шаралары туралы ақпарат берді.

Атап айтқанда, Мәжілісте жаңа Су кодексі жобасы аясында бірқатар тиімді және нәтижелі шаралар бойынша түзетулер қабылданып жатқанын атап өтті. Мемлекет 2030 жылға дейін 40-тан астам жаңа су қоймасын салу және елде жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасын жөндеу бағытында жұмыс жүргізуде екенін айтты. Содан кейін Н.Дементьева Анар станциясының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды қабылдады.

Аршалы аудандық мәслихатында Н.Дементьева «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының мүшелерімен кездесіп, «AMANAT» партиясының Жол картасын жүзеге асыру барысындағы мәселелерді талқылады. Партияның аумақтық филиалында азаматтардың жеке қабылдауын өткізіп, олардың сұрақтары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.