2025 жылғы 9 қаңтар
Бүгін Н.Дементьева Ақмола облысы Зеренді ауданына келіп жетті.
Алдымен Зеренді ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді талқылады. Маңызды мәселелердің бірі – биылғы Ұлы Жеңістің 80-жылдық мерейтойына қатысты шаралар сөз болып, ұсыныстар айтылды.
Сол күні Н.Дементьева Зеренді ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназияға, «Шағалалы ауылына кірме жол» объектіне барып, ұжымдарымен кездесті. «AMANAT» партиясының Зеренді ауылындағы аумақтық филиалында азаматтарды қабылдады. Барлық келіп түскен ұсыныстар мен сұрақтар бойынша түсіндірме берілді.
Кездесулерде Н.Дементьева Парламент Мәжілісі депутаттарының заңнамалық қызметі туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналғанын айтты. Палатаның қарауында 106 заң жобасы болды. Оның ішінде 37 заңды қабылданды, 19-ына Президент қол қойды. Әлеуметтік әділдік орнатуға бағытталған конституциялық нормалар биыл толық іске асырыла бастады. Мысалы, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы мен заңсыз капиталды қайтару туралы заң осыған айқын дәлел. Жыл басынан бері балалардың жинақтаушы шоттарына алғашқы кіріс түсіп, заңсыз шығарылған активтерге елде әлеуметтік нысандар салына бастады.
Депутат Ел Президенті жуырда «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Заң мен Тәртіп қағидатына жеке тоқталғанына назар аударды. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз. Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру.» - деген Президенттің сөздерін еске салды. Осы тұрғыда Н.Дементьева қоғамның дертіне айналған түйткілді мәселелерді шешу үшін бірқатар заң қабылданғанын айтты. Бүгінгі таңда ойын бизнесі туралы заңның, сол сияқты вейпке тыйым салу туралы норманың іске асырылуына куә болып отырмыз. Сонымен қатар есірткі өндіруді ең ауыр қылмыстарға теңестіріп, ол үшін жауапкершілікті мейлінше күшейтіп, белең алған дерттерге депутаттар тарапынан тосқауыл қойылғанын атап өтті.