2025 жылғы 16 мамыр Астана қаласы
ҚР Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі тапсырмалары талқыланды.
Президенттік орталықта ҚХА-ның 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Парламентінің «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының «Бір ел – бір мүдде: бейбітшілік пен өркендеу жолында» тақырыбында отырысы өтті.
Парламент Сенатының баспасөз қызметінің деректері бойынша, іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары М.Әзілханов, Парламенттің «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының жетекшісі Н.Жүсіп, сондай-ақ Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысты.
Сенат Спикері М.Әшімбаев ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тың серпін алғанын, Ассамблея қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастың ұлттық үлгісін көрсеткен маңызды институтқа айналғанын атап өтті.
Сондай-ақ Палата Төрағасы аталған топ ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі басымдықтарын талқылайтын маңызды алаң бола алатынын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының жүйелі реформаларын іске асыруда Ассамблеяның рөлін түсіну және оны тұжырымдау аса маңызды. Қазір біздің алдымызда Әділетті, Әлеуметтік және Инклюзивті Қазақстан құру міндеті тұр. Бұл істе Ассамблея үлкен рөл атқаруға тиіс. Жаңа тұжырымдамада осы жұмыстың бағыт-бағдарын нақты көрсетіп, жазуға болады. Жалпы, біздің халқымызға қонақжайлық, сананың ашықтығы, ұтқырлық, қамқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттер тән. Осындай құндылықтар озық және тартымды болуға ұмтылған елдің жаңа брендтерінің біріне айналуы керек. Бұл – ұлттық мүддені халықаралық деңгейде дәріптеудің заманауи тәсілдерінің бірі. Мұнда да Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқара алады. Сондай-ақ Ассамблея жастармен белсенді жұмыс жүргізуі қажет. Сол арқылы келісім мен диалог саясатының сабақтастығын қамтамасыз етуге жол ашылады. Бұл заманауи және креативті тәсілді талап ететіні анық», – деп, Палата Төрағасы Сенат жаңа Тұжырымдаманы әзірлеу жұмыстарына белсенді қатысатынын айтты.
Сонымен бірге Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысына назар аударылып, аталған Форум ҚХА сияқты халықтық дипломатия мен диалог және құрмет пен сенім мәдениетін ілгерілетуге қызмет ететіні айтылды.
Отырыста қозғалған мәселелерді талқылауға Парламенттің және облыстық мәслихаттардың депутаттарымен бірге «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры И.Сауэр, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ә.Әлденей, мемлекеттік органдар мен саяси партия фракцияларының өкілдері, Сенат жанындағы Сарапшылар клубының мүшелері және тағы басқа белсенді азаматтар қатысты.
Жиын барысында сөз сөйлеген Н.Дементьева этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың этникалық басымдықтары, бейбітшілік пен тұрақтылық идеяларын ілгерілету, сондай-ақ мәдени әралуандықты сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту бойынша міндеттер туралы айта келе, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті. «Қазіргі кезде мемлекеттік тілге қызығушылық танытып жүрген өзге ұлт өкілдерінің қарасы қалың. Тіпті, ел азаматтары ғана емес, шет мемлекеттерден келіп қазақ тілін үйренсем деп жүрген шетелдіктер де бар. Тиімді жүргізілген саясаттың нәтижесінде біз олардың ынтасына, ықыласына ие болып отырмыз. Бұл – өте қуанарлық жағдай!»-деді депутат.