2025 жылғы 28 қаңтар Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева әлеуметтік желідегі өз жеке парақшасында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы сөйлеген сөзі бойынша пікір жариялады
Ел Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жасалды, бүгінгі жаһандық үдерістерді ескере отырып, жаңа міндеттер қойылды.
Н.Дементьева: «Заң мен тәртіп» қағидасы басым болуы керек!
Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде бұл қағидаға назар аударылды. Қоғамда құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасы қалыптастырылып, насихатталуы тиіс. Бұл жұмысты барлық деңгейдегі басқару органдары, әсіресе, облыс, аудан әкімдері ұйымдастыруы керек. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, кейбір мемлекеттің қабылданған шаралары кейде халыққа ыңғайсыз болып көрінуі мүмкін. Мәжбүрлеу шараларысыз тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Өзара түсіністікке жету үшін мемлекет пен халықтың арасында диалог болғаны абзал. «Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек» деген Президенттің сөзіне мен де қосыламын. Ал шектеулер, немесе тиісті айыппұлдар енгізген кезде мемлекет тарапынан да, қоғам белсенділерінің де жауапкершілігі мен парасаттылығы қажет. Халықтың тарапынан сенімсіздік ақпараттың жоқтығынан пайда болады.
Цифровизация жағынан еліміз жоғары деңгейге жетуімен бірге қоғамда киберқылмыс құбылысы да орын алып отыр. Алаяқтардың әрекетінен қазақстандықтар зардап шегуде. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Осы теріс құбылысқа жол бермеу мақсатында қоғамда құқықтық және қаржылық сауаттылық үнемі іске асырылып, қалыптасуы қажет!
Ел Президенті: «Бір адамның бостандығы екінші адамның бостандығы басталған жерде аяқталатыны бұрыннан белгілі» деген еді. Әр елде бейбітшілікке іріткі салуды, этносаралық келісімді бұзуды мақсат ететін адамдар кездеседі. Біздің елімізде де сондай адамдардың теріс пиғыл-әрекеттерімен бүкіл ел болып күресуіміз керек деп есептеймін! Келісім мен бірлікте өмір сүретін қоғам құру үшін заң мен тәртіптің қатаң сақталуын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл әділ мемлекет құрудың басты шарты.
Құқықтық тәртіп қағидасы біз үшін өзіндік идеологиялық және саяси бағдар болуы тиіс. Қазіргі жағдай қылмыстың барлық түріне – көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелеске, ұрлық пен адам өмірін айыруға дейін «мүлдем төзбеушілікті» талап етеді.
Мемлекет басшысы мұндай келеңсіз құбылыстармен бүкіл қоғам күресу қажет, деп айтты. Елде кез келген құқық тәртібін бұзуға, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, дөрекілік пен бұзақылыққа абсолютті түрде бас тарту атмосферасын, ортасын қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да болмасын күш қолдану, зорлық фактілерінің жолын кесу керек.
Президент Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек екеніне назар аударды.
Біздің қоғам – ортақ мұраттар мен құндылықтар біріктірілген еркін және санасы зор азаматтардың одағы.»-деп атап өтті Н.Дементьева.