2025 жылғы 7 мамыр Астана қаласы
Бүгін Астана қаласында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад болып өтті.
Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументінің алдында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, депутаттар мен қоғам қайраткерлері, еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, сондай-ақ қоғамдық және ардагерлік ұйымдардың өкілдері, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері және т.б. жиналды.
Тікелей трансляцияны барлық республикалық телеарналар жүргізді
Қазақстан Президенті - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Қ.Тоқаев қазақстандықтарды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады. «Бұл мейрам – халқымыздың жауынгерлік рухының символы. Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз. Бейбіт күнді қырағы күзетіп тұрған сарбаздарға құрмет көрсетеміз»-деді Президент.
Салтанатты маршқа Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың барлық түрлерінің 4 мыңнан астам әскери қызметшісі қатысты. Сондай-ақ, 200-ден астам қару-жарақ пен әскери техника, 66 тікұшақ пен әскери авиация ұшақтары болды.
Біздің халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанды. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. 500-ден астам қазақстандық - Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды.
Мемлекет басшысы баса айтып өткендей, тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келеді. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр.
Елімізде Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аударылып, республика бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр.
«7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Бүгін біз мақтан тұтатын еліміздің қарулы күштері әскеріміздің техникалық қуатын көрсетті. Шеру басталар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Ұлы Жеңіс – тарихымыздың ажырамас бөлігі және күллі әлем үшін үлкен сабақ» екенін атап өтті. Бүгінде соғыстың шынайы тарихын сақтау маңызды. Өйткені ол бүкіл әлем үшін аса ауыр сынақ болды. Қазақстан халқы да үлкен ауыртпалықты басынан өткерді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанның сыртқы саясаты ең алдымен ұлттық мүдделерді қорғауға бағытталғанын айтты. Бұл біздің Отанымызды, оның егемендігі мен еліміздің мүдделерін қорғау жөнінде мәселе туындаған кездегі мызғымас қағида. Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақстандық армия ел тәуелсіздігінің тірегі, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылықтың кепілі болып табылады»-деп бөлісті әлеуметтік желілердегі жеке парақшасында депутат Н.Дементьева.