Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Бала азығы




2024 жылғы 11 қыркүйекте

жарияланды


Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің орынбасары

Т.Б. Дүйсеноваға



                           Депутаттық сауал                                          

Құрметті Тамара Босымбекқызы!


    Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету қажеттігін нақты атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының ережелері үндеседі, бұл бағдарламада әр адамның азықтүлік пен киімде, жеке баспана мен жұмыста, білім мен медицинада қажеттілігіне қолжетімділігін қамтамасыз ету керектігіне басты назар аударылады.

    Сонымен бірге бүгінгі таңда әлеуметтік осал отбасылардан шыққан мектеп жасына дейінгі балаларды білім беру ұйымдарында тегін тамақпен қамтамасыз етудегі бірқатар жетістіктер болғанымен, балаларды тиімді тамақпен қамтуға байланысты мәселелер әлі де өзекті болып келеді.

Оқу жылы жаңа басталысымен елімізде оқушылардың жаппай улану оқиғасы елімізді дүрліктірді. 6 қыркүйек, жұма күні Маңғыстау облысының Бесшоқы ауылындағы № 8 мектепте бірінші ауысымның бірінші-төртінші сынып оқушылары мектеп асханасында жаппай уланғаны туралы хабар жетті.

          «AMANAT» партиялық бақылау комитеті тамыз айында халықтың әлеуметтік осал топтары мен бастауыш сынып оқушыларын мектеп асханаларында тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі істердің жай-күйін зерделеді. Ел Президентінің тапсырмаларын ескере отырып, уәкілетті органдарға бірқатар ұсынымдар берді. Бұл ең алдымен БАҚ-тың сюжеттерінде көрініс тапқан өңірлерге, яғни Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарына қатысты болды.

    Білім беру мекемелеріндегі тамақтану сапасы жайында айтқанда, біз азық-түліктің сапасы мен санитариялық нормалардың сақталуын ғана емес, тағамдардың теңгерімділігін, пайдалылығын, сондай-ақ олардың қазіргі заманғы дұрыс тамақтану стандарттарына сәйкестігін де ескеруіміз керек. Бұл тұрғыда бір жарым миллионнан астам баланы тамақтандыру туралы және осы мақсатқа бөлінетін 156 миллиард теңге бюджет қаражаты туралы, ең бастысы, біздің балаларымыздың өмірі мен денсаулығы туралы сөз болып отыр!

    Сондай-ақ мектеп инфрақұрылымын дамыту деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi, балаларды толыққанды және сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру үшiн мектептердi қажеттi үй-жайлармен және жабдықтармен қамтамасыз ету өзекті проблема болып табылады. Санитариялық нормалар мен талаптардың сақталуын қамтамасыз ету саласында жүйелі проблемалар да баршылық. Мектептің ас блоктарында көбінесе физикалық жағынан ескірген, тозған және істен шыққан технологиялық жабдықтар пайдаланылып келеді.

    Көптеген өңiрлерде мектеп асханалары мен ас блоктарын жаңарту және жөндеу уақтылы және сапалы жүргiзiлмеген, қажеттi қаржыландыру жоқ, ал тамақ жеткiзу талап етiлетiн жерлерде көлiкпен және жеткiзу кезiнде санитариялық нормалармен қамтамасыз етуде проблемалар туындайды. Құрылған көп деңгейлі жүйеге қарамастан, балалар тарапынан да, ата-аналар тарапынан да тамақтану сапасына қатысты наразылықтар азаймай отыр.

    Мемлекет басшысының мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы толық көлемде орындалмағанын айтып өтуіміз қажет. Ең алдымен, бұл ұйымдастырушылық, әкімшілік, жоспарлық және талдамалық қателіктер. Бұған қоса, осы саланың айтарлықтай сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану тәуекелдері бар екенін ұмытпауымыз керек.

    Бүгінгі таңда еліміздің 800-ден астам мектебінде асхана жоқ. Оның 303-інде буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. 288 мектептің оқушыларына қоғамдық тамақтану орындарынан азық-түлік жеткізіледі. Осыған орай бақылау тиімділігі мәселесі туындайды. Сырттан әкелінетін тамақтың сапасын кім қадағалайды? Мұндай тамақты дайындау, тасымалдау және сақтау процесін кім бақылайды?

Құрметті Тамара Босымбекқызы! Біз Маңғыстау облысындағы орын алған жағдайға алаңдаушылық білдіреміз. Премьер-Министр аталған оқиғаны өзінің бақылауына алып, мектеп асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің тексеру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді. «AMANAT» партиясының фракция мүшелері тарапынан аталған мәселе үнемі көтеріліп келеді. Бірақ, жауапты ведомство өкілдері де жергілікті атқарушы органдар да салғырттық танытуда. Мектеп асханаларын тексерудің көбі формальды түрде, тек қағаз жүзінде жүргізіледі, ал олардың қорытындылары бойынша ұсынымдар жиі назардан тыс қалады.

    Мектептегі ыстық тамақтану проблемасын жүйелі шешуде келесі ұсыныстарды енгіземіз:

    1. Қазіргі таңда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мектеп асханаларын жүйелі түрде тексере алмай отыр. Себебі, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған кезеңде, асханалар ұзақ уақыт бойы тексеруден өтпеген. Қазір мораторий алынып тасталды. Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мектеп асханаларын тұрақты түрде тексеруін қамтамасыз етуі қажет. Улану жағдайлары орын алған кезде санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жауапкершілігі де қарастырылсын.

    2. Мектеп асханаларына жеткізілетін тағам өнімдерінің сапасы мен олардың жарамдылық мерзімін бақылау күшейтілуі қажет. Қолданыстағы ветеринариялық және санитариялық бақылау жүйелерінің тиімділігін арттыру мақсатында, мектеп асханаларына жеткізілетін өнімдердің қайдан алынғаны, оның ішінде ет пен сүт өнімдерінің нақты қай шаруашылықтан немесе базардан жеткізілгені туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте, азық-түлік өнімдерінің сапасы, қауіпсіздігі және сақтау мерзіміне байланысты талаптар қатаң сақталуы тиіс. Жауапты органдар мектептерге жеткізілетін барлық тағам өнімдерінің сертификатталуын және олардың сапасын жүйелі түрде тексеруді қамтамасыз етуі қажет. Осы шаралар Үкімет деңгейінде реттеліп, ветеринариялық бақылау жүйесіне қосымша талаптар енгізілуі қажет.

    3. Мектеп асханаларын тамақпен қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік сатып алу ережелерін жетілдіру өзекті. Қазіргі таңда бұл салада монополияға жол бермес үшін мектептерге арналған тендерлерде ашықтық пен бәсекелестікті қамтамасыз ететін талаптарды күшейту қажет. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу туралы ережеге мектеп асханалары үшін тамақ өнімдерін жеткізу бойынша тендерлерге қатысушыларға қойылатын талаптарды нақтылап, 1 компанияның бірнеше мектепке тендер ұтып алуы мүмкіндігін шектеуге байланысты өзгерістер енгізу қажет. Сатып алу процесінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін қаржылық бақылауды күшейтіп, жеткізушілердің жауапкершілігін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет.

    4.       Білім беру ұйымдарында оқушылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз ету үшін  медицина қызметкерлерін, тамақтану институттарын, кәсіби диетологтарды тарта отырып, мектеп асханаларына арналған ас мәзірін жасау және бекіту жөніндегі алқалық жұмысты ұйымдастыру жөнінде ұсынымдар әзірленсін;

    5. Мектептерде тамақтану сапасын ұдайы үздіксіз бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені әзірленсін.

    Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.



               Депутат                                                                                                                                              Н. Дементьева

және депутаттар, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері                                         


Депутат, Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі                                                                И. Смирнова

Депутат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының мүшесі                          А. Сағандықова

Депутат, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясының мүшесі                               Қ. Иса














А.Әбенова, 74-67-56,