Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Медиация қажет

2024 жылғы 11 қазан                                                                               Астана қ.

Парламентаризм институтында өткен дөңгелек үстелде депутат Н.Дементьева Қазақстанда медиацияны дамыту мәселесі бойынша ой бөлісті

Парламентаризм институтында Қазақстандағы медиация болашағы, жаңа реформалар мен 2030 жылға дейінгі перспективалар талқыланды. Шараны ұйымдастырушылар – ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институты және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Image title


Парламентаризм институтының баспасөз қызметінің хабарлауынша, дөңгелек үстелде соттан тыс медиация институтын одан әрі дамытудың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы талқыланды. Құжатта медиацияны дамытудың негізгі аспектілері: ағымдағы жағдайды талдау, халықаралық тәжірибе, одан әрі даму көзқарасы, күтілетін нәтижелер мен іске асыру кезеңдері көрсетілген.

Отырыста Президент Қ.Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында медиацияны дамытудың маңыздылығы туралы айтқаны атап өтілді. Медиация институтын дәйекті дамыту одан әрі құқықтық қолдауды талап етеді. Осыған байланысты сөз сөйлеушілер процессуалдық кодекстерге кейбір өзгерістер енгізілгенімен, көптеген нормалар пысықтауды қажет ететіні, ал интеграцияланған медиацияға байланысты аспектілер шешілмей қалып отырғаны туралы сөз қозғады. 2025-2030 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама құқықтық дауларды реттеудің пәрменді тетіктерін құруға бағытталған және қабылданатын нормативтік актілердің сапасын арттыру үшін заң қоғамдастығын белсенді тартуды көздейді.

Image title

Медиация туралы айта келе, депутат Н.Дементьева жалпы медиация институтының даму бастауында Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрғанына назар аударды. Бүгінде Ассамблея қызметі Ассамблея Төрағасының тапсырмасы шеңберінде этносаралық құрамдас бөлікке шоғырланған. Этномедиация жалпы азаматтық бірегейлікті нығайтудың маңызды тірегіне айналуда. Депутат және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде Н.Дементьева сарапшы-тәжірибешілерді тарта отырып, аталған институтты барлық салада кәсіби дамыту қажеттігін айтты.

Іс-шараға Сенат депутаты А.Толамисов, Мәдениет және ақпарат вице-министрі А.Құрманова, институт директоры М.Сафинов, институт директорының орынбасары Л.Сүлеймен және басқалар қатысты. Халықаралық сарапшы ретінде IMI сертификатталған медиаторы, адвокат және дауларды баламалы шешу (ADR) саласындағы қонақ зерттеуші А.Сергеева сөз сөйлеп, әкімшілік рәсімдерде медиацияны қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Тұжырымдаманы талқылауға кәсіби медиаторлар, адвокаттар, нотариустар және заңгерлер қатысты. Пікірталас барысында отандық сарапшылар отбасылық медиация проблемаларын және қылмыстық процестегі медиацияның рөлін қозғады. Сарапшылар Тұжырымдаманы қолдап, оның Қазақстанда медиацияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, медиаторлардың кәсібилігін және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Медиацияны қолдану азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыра отырып, қоғамдағы шиеленіс деңгейін төмендетуге және сот органдарын жеңілдетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.