2025 жылғы 5-6 наурыз Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева әріптес депутатарымен бірге «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мен Tomiris жобасы қатысушыларының республикалық кездесуіне қатысып, сөз сөйледі
Ағымдағы жылдың 5-6 наурыз күндері «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мен Tomiris жобасы қатысушыларының республикалық кездесуі өтті. «AMANAT» партиясының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, іс-шараның алғашқы күніндегі басқосуға «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Д.Кәрібек, Әйелдер қанатының төрағасы Ш.Каринова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Б.Ағыбаева, Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ барлық өңірден Tomiris жобасының қатысушылары жиналды.
Бұл кездесу Tomiris жобасын одан әрі дамытуға, сондай-ақ әйелдердің саяси, экономикалық және қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Жиынға қатысушылар Tomiris жобасы аясында әйелдердің саяси алаңдағы белсенділігі артып, бүгінде олардың ел игілігі үшін қызмет етіп жүргенін атап өтті. Мұндай кездесулер әйел көшбасшылары үшін жаңа серпін беріп, тәжірибе алмасу мен маңызды шешімдер қабылдауға жол ашатынын айтты.
Кездесу аясында ұйымдастырылған панельдік сессияларда әйелдердің саясаттағы, экономикадағы және қоғамдық өмірдегі рөлін кеңейту мәселелері талқыланды. Сессиялар жұмысына Әйелдер қанатының өңірлік кеңесшілерімен және «Tomiris» партиялық жобасының қатысушыларымен бірге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысты. Олар парламенттегі жұмыс тәжірибелері, әйелдер мен қоғамның өмірін жақсартуға бағытталған бастамалар туралы айтып, елдегі гендерлік теңдікті ілгерілетудің тиімді механизмдерімен бөлісті. Бүгінге дейін Tomiris жобасы аясында 100-ден астам әйел «Әйелдердің саяси көшбасшылығы» бағдарламасының оқу курсынан өтті. Бастама дамуын жалғастырып, қазақстандық әйелдердің алдында өзін-өзі жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жиында сөз сөйлеген Н.Дементьева «АМANAT» партиясы әйелдер қанатының бір бағыты – инклюзивті қоғамды дамытуға жәрдемдесу болып табылатынына назар аударды. «АМАNАТ» партиясының басымдықтарының бірі – кедергісіз орта құруға атсалысумен бірге, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін ыңғайлы инфрақұрылым құру. Осы тұрғыда Парламент Мәжілісінде біз бірқатар заңдарға түзетулер енгізілді. Мысалы, «Тұрғын үй саясатын реформалау» туралы Заңда 1-2 топтағы мүгедектерге «сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша бұрын алған тұрғын үйін тегін жекешелендіру мүмкіндігі берілді. Бұл баршаға бірдей жағдай жасаудағы елеулі қадам. «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңында «инклюзивті туризм» ұғымы және мүгедектігі бар адамдарға арналған қызметтер мен объектілерге қолжетімділіктің ұлттық стандарттарын міндетті түрде сақтау енгізілді. Бұл мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, әркім үшін қолжетімді және ыңғайлы орта құру үшін жаңа перспективалар ашады, деді депутат.