2025 жылғы 19 наурыз Астана қаласы
Депутат Н.Дементьева әріптестерімен бірге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің көшпелі отырысына қатысты
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы және қызметкерлері қатысты.
Осы Агенттіктің алаңында«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң жобасының жаңа редакциясының негізгі аспектілері талқыланды.
Заң жобасы «Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру аясында әзірленуде, ол мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Отырысты ашқан Комитет төрайымы С.Имашева: «Депутаттар халық өкілдері ретінде мемлекеттік саясат пен қызметтерді әзірлеу, іске асыру және бағалау кезінде азаматтардың қажеттіліктері мен пікірлерін ескеретін мемлекеттік органдардың сервистік бағдарын күшейту тұжырымдамасын қолдайды», - деп атап өтті.
Агенттік Төрағасы Д.Жазықбайотырысқа шақырылғандарға ведомствоның қызметі туралы ақпарат берді. Жиынға қатысушыларға кадрлық іріктеудің жаңа моделіне көшу үшін негіз болған «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің заманауи цифрлық мүмкіндіктері, сондай-ақ Агенттіктің медиа-студиясының оқу процесінде қолданылатын инновациялық технологиялар көрсетілді.
Заңнамалық өзгерістердің негізгі ережелері туралы Агенттік Төрағасының орынбасары С.Мүксімовбаяндап берді. «Негізгі заңнамалық тәсілдердің бірі мемлекеттік қызметшілерде қоғам мүдделерін есепке алуға және оларға жүктелген мемлекет міндеттерінің тиімді орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған құндылық бағдарларын қалыптастыру болып табылады. Ол үшін мемлекеттік қызмет атқарудың негіздері бекітілетін болады, бұл – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік саясатқа бейілділігі, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайту және мемлекеттік қызметшілердің өздері берген антқа адалдығы» - деді ол.
Отырыс күн тәртібінің мәселелері талқыланды. Комитет Төрайымы жиынды қорытындылап, оның барлық қатысушыларының белсенділік танытқанын атап өтті. Заң жобасын әзірлеушілер депутаттар ұсынған ұсынымдар мен ұсыныстар заң жобасының түпкілікті редакциясын енгізу кезінде ескерілетінін айтты.