Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Маңызды


2025 жылғы 14 мамырда

жарияланды

Қазақстан Республикасы

Премьер-Министрінің

орынбасары

Е.Б. Көшербаевқа

                                                 

                                                                                                                            Депутаттық сауал

Құрметті Ермек Беделбайұлы!

«АМАНАТ» партиясының әйелдер қанаты жүйелі психологиялық-педагогикалық түзетуді қажет ететін ерекше балалардың ата-аналары атынан Премьер-Министрдің орынбасарына хат жолдайды.

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды: «... Әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар... Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе».

Іс жүзінде жағдай қандай? Бүгінгі күні елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі 394 ұйым, 227 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 13 ресурстық орталық, 10 аутизм орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1080 мектеп кабинеті ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Бірақ бұл өте жеткіліксіз! Барлық түзету кабинеттеріне кезекте тұру байқалады. Балалар 3 ай және одан да көп уақыт түзету көмегін күтуде.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның 2024 жылғы есебінің деректері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар тіркелген 235 148 баланың 199 378-і түзету шараларымен қамтылған.

2021 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң қабылданды, онда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін заңды негіздер көзделді. Жергілікті атқарушы органдарға мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту және орналастыру бойынша өкілеттіктер берілді.

2023 жылдан бастап барлық заңды тетіктерге ие бола отырып, осы күнге дейін барлық әкімдіктер мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырысты орналастыра қойған жоқ. Бүгінгі таңда тек 3079 бала ғана қамтылған! Осы тұрғыда мектепке дейінгі білім беру мен жеке меншік мектептерде белсенді дамып келетінін ескерсек, мемлекет ерекше мұқтаждықтары бар балаларды қолдау орталықтарын ашуға жұмсалатын шығыстардың айтарлықтай бөлігін жеке меншік орталықтарға жүктеуіне әбден болар еді. Мемлекеттік тапсырысты мына өңірлер орналастырған: Жетісу облысы – 140, Солтүстік Қазақстан облысы – 145, Қарағанды облысы – 300, Шымкент қаласы – 1000, Алматы қаласы – 1494. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру бұл ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажетті түзету шараларын ұйымдастырудағы проблемалардың бірі.

Қазақстан мектептерінде ерекше балаларға арналған педагог-ассистенттердің жұмыс тәжірибесі енгізілді. Дәл осы ассистенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына ықпалдастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта аутизм және басқа да ментальдық бұзылуы бар балалар педагог-ассистенттердің болуының арқасында қарапайым оқушылармен қатар мектептерге бара алады.

Алайда, нормативтiк-құқықтық актiлерде педагог-ассистенттердiң қызметiн реттеуге байланысты бiрқатар проблемалар бар. Бұл – еңбекақы төлеу, жұмыс режимі мен жүктемесі, еңбек демалысы және т.б. мәселелер. Бұл жағдай педагог-ассистенттер арасындағы кадрлардың жоғары «тұрақсыздығына» алып келеді, балалардың мектепке қатысуын қындатады, сенімгерлік қатынастарды қалыптастыруға кедергі келтіреді және білім беру процесінің сапасын төмендетеді. Білікті мамандар еңбек жағдайларының бәсекеге қабілетсіздігінен, атап айтқанда жалақының төмендігінен, мектептерге бара қоймайды.

Құрметті Ермек Беделбайұлы!

Баяндалғандарды ескере отырып, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Сізден мынадай міндеттерді шешуге жәрдем көрсетуді сұрайды:

1. Жергілікті атқарушы органдар мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырысты уақтылы орналастыруды, тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін.

2. Уәкілетті орган мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына педагог-ассистент бірлігін штатқа енгізу туралы мәселені қарастырсын, оны еңбекақы төлеу жүйесіндегі В2 санатына жатқызып, жұмысына сәйкес келетін лайықты еңбекақымен қамтамасыз етсін.  

3. Уәкілетті орган олигофренопедагог, мұғалім-дефектолог, (дефектолог, мұғалім-логопед, логопед, ерте даму бойынша педагог, сурдопедагог, тифлопедагог) сияқты педагогтармен қатар «Педагог» кәсіби стандартының мамандықтары тізбесіне «мінез-құлық талдаушысы» мамандығын енгізсін.

4. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның құрамына

білім беру қажеттіліктері шектеулі балалардың мінез-құлқын талдау үшін мінез-құлық талдаушысы енгізілсін.

Депутаттық сауалды қарау нәтижелері және оларды іске асыру бойынша қабылданған шаралар туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен,  

Депутат                                                                                                               Н. Дементьева

Депутаттар, «AMANAT» партиясы

Фракциясының мүшелері