2024 жылғы 4 қазан
Депутат Н.Дементьева Астана қаласында өткен Волонтерлер слетіне қатысты
Елордада АӨСШК Жастар кеңесінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше елдердің волонтерлік қозғалыстары көшбасшыларының слеті өтті. Іс-шара мақсаты – мәдениетаралық диалогқа және қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпараты бойынша, жиынға Ресей, Қытай, Шри-Ланка, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Иран, Бахрейн, Таиланд және т.б. сияқты 21 елден 450-ден астам делегат қатысты. Делегаттар волонтерлік қызметтің негізгі мәселелерін және оның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі рөлін талқылады.
Слеттің бірінші күні аясында «Қоғамдағы волонтерлік қызметтің маңыздылығы: Азия елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесудегі волонтерлік қызметтің рөлін талқылау» тақырыбында АӨСШК Жастар кеңесінің отырысы өтті. Слет сессияларында «Әлеуметтік және инклюзивті волонтерлік», «Зияткерлік волонтерлік: инновациялық тәсілдер және халықаралық тәжірибе», «Волонтерлердің денсаулық сақтау саласындағы рөлі», «Төтенше жағдайлардағы волонтерлік қызмет», «Волонтерлердің экологиялық проблемаларды шешуге қосқан үлесі» туралы тақырыптар талқыланды.
Слетті ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Е.Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева, АӨСШК Бас хатшысы, елші Қ.Сарыбай, сондай-ақ Кеңеске қатысушы елдердің еріктілері, халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдері, Парламент депутаттары қатысқан пленарлық сессияда қорытындылады.
Жиынға қатысушылар АӨСШК кеңістігінде волонтерлік қызметті дамыту бойынша бірлескен ұсынымдар әзірледі, мұнда ынтымақтастықты кеңейту және волонтерлік қызметте тәжірибе алмасу бойынша алдағы қадамдар көзделген.
«АӨСШК Жастар кеңесінің қолдауымен өткен еріктілер слеті 400-ден астам делегатты біріктіре білді. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда барлық елдердің еріктілері өз миссиясының қажеттілігі мен маңыздылығын түсінеді. Әлеуметтік әділеттілікті нығайтуда, бірлік пен ынтымақтастықтың негізгі құндылықтарын ілгерілетуде волонтерлердің рөлі ерекше маңызды. Еріктілер ұйымының пандемия, су тасқыны және елге төнген басқа да күрделі жағдайлардағы істеріне баға жетпейді. Дәл осындай сәттерде «Біз біргеміз» ұраны барлық адамдарды біріктіретін драйверге айналады» - деп есептейді Н.Дементьева.