Дементьева
Наталья
Григорьевна

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
Депутат Н. Дементьева бірінші оқу күні Үкіметтің назарын мектептегі балалардың қауіпсіздігіне аударды

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары

Е.Л. Тоғжановқа

Депутаттық сауал

Құрметті Ералы Лұқпанұлы!

Еліміздің білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігі мәселесін Парламент депутаттары бірнеше рет көтерді. Бұл тақырып бүгінгі күні де өзекті болып қалуда.

Жазғы демалыс аяқталып, өмір шындығы бізді мектеп болмысына қайта оралтты, ал олар кейде жағымды емес. Біздің еліміздің білім беру мекемелерінің қауіпсіздігі қоғамда алаңдаушылық тудырды да, әлі де тудырып келеді, өйткені бұл мәселе әрбір қазақстандық отбасына қатысты болып отыр. Өңірлерде, әсіресе шалғай аудандарда, кездесулер өткізу кезінде депутаттар балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру жұмысында, әсіресе білім беру ұйымдарының күзетпен қамтамасыз ету бөлігінде кемшіліктерді анықтады.

«Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2021 жылғы 6 мамырдағы №305 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес барлық объектілер міндетті түрде телекүзет жүйелерімен және хабардар ету жүйелерімен, сондай-ақ объектіге рұқсатсыз кіру немесе кіруге әрекет жасау туралы хабарламаларды анықтау және беру мақсатында дабыл сигнализациясымен жарақталады.

Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, елдегі 7228 мектептің 6152-сінде дабыл түймелері жоқ. Мектептердің тек 15 пайызы (1076 мектеп) дабыл сигнализациясымен жабдықталған. Мектептерде күзетуді «ескі әдіспен» күзетшілер мен вахтерлер жүзеге асырады, елдің 466 мектебі ғана, бұл шамамен 6,4 пайызы мамандандырылған күзетке ие.

Алайда, осы күзет фирмалары тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасы, негізінен, мемлекеттік сатып алуды қаржыландыруға және ресімдеуге байланысты көптеген мәселелерді туындатады. Мысалы, Көкшетау қаласында білім беру ұйымдарын жеке күзет қызметкерлері күзетеді. Қауіпсіздік фирмасын таңдауға арналған конкурстық ресімдер мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады, онда жеңімпазды анықтаудың негізгі көрсеткіші компания ұсынған сағаттық төлемнің ең аз мөлшері болып табылады.

Сонымен бірге, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасы әлі де жақсартуды талап етеді. Буған себеп болып тұрған жай мынау. Осы жылдың басынан бері Көкшетауда «Галион» және «Көкше Арлан» фирмалары көптеген мектептерді күзетуді қамтамасыз етіп келеді. Конкурс аясында олар қызмет үшін ең төмен бағаны – айына 176-200 мың теңге ұсынды, бұл ретте әрбір фирма мектепті үш күзетшімен қамтамасыз етеді, нәтижесінде бір күзетшінің жалақысы 50 000 теңгеден аспайды. Мұндай жалақымен күзетшілерді ұзақ уақытқа ұстай алмайсың. Бұл қызметкерлер, әдетте, үлкен зейнеткерлік жастағы немесе тиісті білімі жоқ қызметкерлер болып табылады. Мектеп директорларының айтуынша, вахтер апайдың пайдасы осы «жалған күзетшілерден» гөрі көп болған еді.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №988 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында біз «бейнебақылаумен (ішкі және сыртқы) қамтамасыз етілген білім беру ұйымдарының үлесі» индикаторларын көріп отырмыз, онда 2024 жылға қарай бейнебақылаумен 100 пайыз қамту, ал 2025 жылға қарай турникеттермен қамтамасыз ету бойынша 35 пайыз қамту жоспарланып отыр.

Турникеттермен қамтамасыз етудің мұндай төмен пайызын неге қойды деген сұрақ туындайды.

Бүгінгі күні оқушылардың электрондық базасы бар турникеттер 857 мектепте орнатылды – бұл 11,9 пайызды құрайды. Осындай қарқынмен мектептерді турникеттермен 100 пайыз қамту үшін бізге ондаған жылдар қажет.

Осы жағдайды талдау оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар қалдық қағидаты бойынша қаржыландырады деп пайымдауға негіз береді.

Бұл жағдайда мектептегі балалардың қауіпсіздігін ұйымдастыру туралы қалай айтуға болады?!

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, құрметті Ералы Лұқпанұлы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Сізден тиісті құрылымдарға:

Біріншіден. Жергілікті атқарушы органдары – оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды қаржыландыруды басым тәртіппен қамтамасыз етіп, объектілерді терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкес келтірсін;

Екіншіден. Күзет қызметі үшін лицензиясы бар ғана емес, сондай-ақ алдын ала біліктілік іріктеуден өткен даярланған қызметкерлермен де шарттар жасасу бөлігінде мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізуге;

Үшіншіден. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасындағы индикаторлар білім беру ұйымдарында турникеттер орнатуды пайыздық қамтуды ұлғайту жағына қайта қаралсын деп тапсырма беруіңізді сұраймыз.

Осы мәселені қарап, заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы

Ассамблеясынан сайланған депутаттар                   Н. Дементьева

                                                                                     С. Абдрахманов

                                                                                   А. Амирханян

                                                                                   И. Буларов

                                                                                   Ю. Ли

                                                                                   В. Набиев

                                                                                   Ш. Осин

В. Тохтасунов

А. Хамедов