2025 жылғы 17 қыркүйекте жарияланды | Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Е.С. Сәденовке |
Депутаттық сауал
Құрметті Ержан Сапарбекұлы!
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қоғамды нығайту және еліміздің тұрақтылығын сақтау үшін «Заң мен Тәртіп» қағидатының басты мәнін атап өтті.
Мемлекет басшысы: «Қоғамда ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным болуға тиіс. Қазіргі таңда адамдарда дөрекі сөйлеп, бір-біріне ерегесіп, жаға жыртысатын әдет бар. Бұл – мәдениетті, өркениетті қоғамға жараспайтын қылық, еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделіне зиян келтіретін құбылыс.»-деп айтты.
Электрондық үкіметті цифрландыру және дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың маусым айында Egov қосымшасында әрбір азаматқа құқық бұзушылық туралы тікелей полицияға хабарлауға мүмкіндік беретін «Заң мен Тәртіп» атты жаңа сервис іске қосылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, сервис іске қосылғаннан бері полицияға азаматтардан 17 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Шағымдардың ең көп саны Алматы қаласында (6000-нан астам), Астана қаласында (4000-нан астам) және Алматы облысында (2000-ға жуық) өтініш тіркелген. Сұранысқа ие болған ең көп санат - «Жол қауіпсіздігі ережесін бұзу туралы хабарламалар», олардың саны 7 000 астамды құрады.
«Заң мен Тәртіп» сервисі әлемдік тәжірибеге сәйкес келетіні сөзсіз. Көптеген елдерде ауладағы бұзақылықтан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылыққа немесе қауіпті жол жағдайларына дейін бұзушылықтар туралы хабарлау үшін жедел желілер мен цифрлық сервистер жұмыс істеуде.
Екінші жағынан, қоғамдық бақылаудың бұл элементі көбінесе теріс мәнде және «сөз тасу» ретінде қабылданады. Жұрттың көбіне бұл азаматтық жауапкершілікке емес, пайда үшін немесе қорқыныш салдарынан мәлімдеуге байланысты болып көрінеді. Ал қоғамдық бақылау бұрындары да болған және азаматтардың құқық бұзушылықтарға қарсы тұруын қалыптастыруда маңызды рөл атқарған. Бұл жасақшылар, яғни өз еркімен көшелерді күзетуге шыққан, аулалардағы тәртіпті қадағалаған, құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен қарапайым азаматтар еді.
«Норма ма, әлде сөз тасушылық па» деген мәселе шын мәнінде құндылықтар төңірегінде жатыр. Егер кез келген адам өзін қорғалған деп сезінетін құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келсе, онда мұндай қызметтердің мәні – сөз тасуда емес, жауапкершілік пен ынтымақтастықта болады.
Сонымен қатар, азаматтардың «Заң мен Тәртіп» сервисі жұмысының тиімділігі мен құқықтық дұрыстығына қатысты бірқатар сұрақтары туындап отыр.
Мәселен, қосымшада жалған ақпарат бергені үшін жауапкершілік туралы ескерту бар ма? Оның дұрыстығы қалай тексеріледі? Құқық бұзушылық туралы қандай фото және бейнелерді қоса беруге болады? Бұл Заңды бұзу және жеке өмірге араласу болып табылмайды ма? Ертең өтініш берушінің өзі Заң бұзушы болып кетпей ме?-деген сұрақтар.
Шетелдік тәжірибелерді талдау көрсеткендей, цифрлық сервистер үш шарт болған кезде ғана тиімді жұмыс істейді, яғни бұл анонимділік, ашықтық және кері байланыс.
Мысалы, Ұлыбританияда StreetSafe және Crimestoppers карталары анономдік хабарламаларды қабылдайды. Нидерландыда осындай сервис арқылы былтырғы жылы 20 000-нан астам хабарлама жіберілді.
Францияда – «Ma Sécurité» қосымшасы тәулік бойы полицияға жүгінуге немесе онлайн шағым беруге мүмкіндік береді.
Австралияда (ReportCyber) – 2023 жылы киберқылмыстар туралы 600 000-ға жуық хабарлама тіркелді.
Испанияда (AlertCops) – қосымшаны 2,3 миллионнан астам пайдаланушы жүктеп алды, оны туристер белсенді пайдалануда.
АҚШ пен Канадада – P3 Tips және Crime Stoppers қосымшалары полициямен чат арқылы анонимдік хат алмасуға мүмкіндік береді.
Бүкіл әлемде мұндай хабарламалардың басты мақсаты – бақылау мен сөз тасу емес, қоғам қауіпсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау болып табылады. Мұндай сервистердің табысты болуы олардың анонимді болуына, жалған хабарламалардан қорғалуына және қоғамның сеніміне қаншалықты кепілдік беретініне байланысты болуда.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып:
1. Жалған мәліметтер үшін жауапкершілік туралы ескертуді қоса алғанда, келіп түскен хабарларды тексерудің нақты регламентін әзірлеу және енгізу.
2. Халықаралық стандарттарға, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өтініш берушілердің анонимділігін және дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз ету.
3. Азаматтармен кері байланысты ұйымдастыру: олардың өтініштері бойынша қабылданған шаралар туралы ақпараттандыру (қарау мәртебесі, тексеру нәтижесі).
4. Сервистi «сөз тасушылық» емес, азаматтық жауапкершiлiк құралы ретiнде қабылдауды қалыптастыру үшiн оның мақсаты мен жұмыс тетiгi туралы өңiрлерде кеңінен ақпараттық-түсiндiру науқанын жүргiзу бойынша шараларды іске асыру қажет деп есептейміз.
Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз.
Депутат,
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Н. Дементьева